Негізінен жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
«Ауыл аманаты»: Сырда кәсіпкерлікке жол ашқан жоба
127
оқылды

«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасында Сыр халқының тұрмысын жақсарту мен кәсіпкерлікті дамытуға ерекше ықпал етіп тұр. Соның ішінде  «Ауыл аманаты» жобасының шарапатын ауыл кәсіпкерлері сезіне бастады. 

Негізінен жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бүгінде оның тиімділігі нақты нәтижелер арқылы көрініс тауып отыр.

Осы ретте Қызылорда қаласына қарасты 2 кент пен 7 ауылдық округте жоба аясында көптеген тұрғындар жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізіп, өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Соның бірі – Талсуат ауылдық округінің тұрғыны Жанат Токмейлованың кәсібі өрге жүзе бастады. 

Кәсіп иесі 10 жылдан астам уақыттан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Биыл ол өз кәсібін кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 7 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қаржыны мал басын көбейтуге және шаруашылығын дамытуға жұмсаған.

Қазіргі таңда Жанат Токмейлова «НҰРАЙ» жеке кәсіпкерлігі арқылы тұрғындарды қолжетімді бағадағы ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде шаруашылықта 200 бас жылқы, 150 бас сиыр және 100 бас қой өсіріледі. Сонымен қатар кәсіпкердің жеке фермасы мен шағын дүкендері тұрақты жұмыс істейді. 

«Ауыл аманаты» жобасы біз секілді ауыл кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік берді. Мемлекет пен партияның қолдауының арқасында кәсібімізді кеңейтіп, мал басын арттыруға жол ашылды. Біздің басты мақсатымыз – халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», – дейді кәсіпкер.

Жанат Токмейлова кәсіпкерлікпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Әсіресе аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларына тұрақты түрде атсалысып келеді. 

 Кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Талсуат ауылынан аукцион арқылы 15 гектар жер телімін алып, мал бордақылау алаңы мен өндірістік цех салуды көздеп отыр.

Осылайша, «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына, кәсібін кеңейтуіне және тұрақты табыс табуына мүмкіндік беріп келеді. Осы арқылы ауыл экономикасының дамуына айтарлық септігін тигізіп отыр. 

                                                                                                                                              Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ 

                                                                                                                                                    Қызылорда облысы