Алатау қаласын салу ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеретін, мемлекет тарихында өзіндік із қалдыратын жоба болғалы тұр. Ең бастысы – Alatau city жобасы жан-жақты пысықталып, зерделенген, берерінің қандай болмағы есептелген бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жасаған жұмыс сапарында бұған анық көз жеткіздік.
Alatau City – жаңа дәуір қаласы
197
оқылды

Президенттің Алматы облысына жаса­ған жұмыс сапары Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан басталды. Жос­парға көз жүгіртсек, қала ауданы 88 мың гектарды құрамақ. Яғни, болашақтың қа­ласы көлемі жағынан елімізде Шымкент­тен кейінгі орынға шығатын ірі шаһар болайын деп тұр. Ашық дерек көздеріндегі мәлі­меттерге сүйенсек, қазір Қазақстанда ау­мағы жағынан бірінші орында Шымкент тұр. Жалпы ауданы 117 мың гектарды құрайды. Одан соң 71 мың гектар ау­даны бар Астана, 68 мың гектарды алып жатқан Алматы қалалары тұр. Демек, Алатау қаласы – ХХІ ғасырдың алғашқы жарты­сындағы мега-жоба болады деген сөз. Ша­һар 4 арнаулы аумаққа бөлініп, 2050 жылға дейін дамытылады. Бір атап өтер жайт, жаңа қаланы басқарудың тың моделін қалыптас­тырудың құқықтық базасы әзірленіп үлгерді. Яғни, арнайы Консти­туциялық заң қабылданды. Магистралды инфра­құры­лымды ілгерілету бойынша жол картасы әзірленіп жатыр. Қазірдің өзінде қаланың бірқатар ауданы жедел өркендеп келеді. Мысал ретінде Gate City тұрғын үй алабын атауға болады. Мұнда «жайлы мектеп» бой көтеріп, «Маревен Фуд Тянь-Шань», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді жүйе құрайтын кәсіпорындар жұмыс іс­тейді.

Сонымен қатар 53 инвестициялық жоба­дан тұратын, жалпы сомасы 2 триллион теңгелік пул жасақталды. Бірқатар нысан­ның құрылысы басталып та кетті. Атап айтқанда, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін өңірдегі алғашқы заманауи әрі бірегей жобаны қолға алды. KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек пен медициналық қондырғылар шығарумен айналысады. «Исткомтранс» және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құруда. Жоспарда Iconic Complex жобасы тұр. Бұл Алатаудағы көпфункционалды озық кешен саналады. Қаладағы негізгі нысанның бірі Gate District ауданында бой көтермек. 

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев таза әрі пайдалы жапырақты көкөніс түрлерін өсіретін GREEN ЕСО заманауи жылыжай кешенінің қызметімен, сондай-ақ Қазақстан нарығындағы өндіріске қолданылатын техно­логиялармен танысты.

Бүгінде 160 адам еңбек ететін кәсіп­орын­ның өнімдері Қазақстанның 10 қаласына жеткізіледі. Президент «Луко­морье» тұқым­бағы – бақ орталығын аралап көрді. Бұл – автоматтандырылған жұмыс арқылы жылына 1,5 миллион түпке дейін ағаш, сәндік бұталар мен гүлдер өсіруге қауқарлы еліміздегі ірі орталық. Мемлекет басшысына Turanga сән­дік өсімдіктер тұқымбағын ұйымдастыру ая­сында атқа­рылып жатқан жұмыстар жөнінде баян­далды. Онда 130 мыңға жуық ағаш және 3,5 миллион түп бұта өсіру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі бірегей спорт жобасы – «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халық­аралық деңгейдегі футбол академиясының қызметімен танысты.

Мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады. Академия ойын­­шыларын ис­пандық бапкерлер ірік­теп, оған Қазақстан­ның барлық өңірінен 4 мыңнан аса бала қа­тысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны дамыту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу көзделген.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша ко­мандалық іс-қимыл дағды­ларын пысық­тауға кіріскен жас футболшы­лардың жат­тығуын тамашалады.

Мемлекет басшысы академия өрендері­мен жылы рәуіште әңгімелесті. Кездесуден естелік ретінде футбол добына қолтаңба қалдырды. Іс-шараға Испанияның Қазақ­стан­дағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, аталған клубтың ака­демия істері және халықаралық даму жөніндегі директоры-ның орынбасары Мария Тереса Кириви қа­тысты.

Бұл айтылғандар Алматы облысына жаса­ған жұмыс сапары барысында Пре­зидентке таныстырылған жобалар еді. Ал біз Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес­ті Мемлекет басшысының бұл аймақ­қа жасаған сапарының өзегі ретінде баға­ладық.

Жаңа шаһар салу – стратегиялық шешім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте жаңа шаһар салу жөніндегі шешімінің стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. 

«Баршаңызға мәлім, мен осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһа­рын салу туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор.

Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық. Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтары­мызға, әсіресе өскелең ұрпаққа мол мүм­кіндік бермек. Сон­дықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді. «Алатау қаласы­ның арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды», – деген Мемлекет басшысы кеңес барысында бірқатар маңызды мәселені пысықтау қажет екенін атап өтті. 

«Алдымен, осы кезге дейін жүргізілген жұмыспен танысайық. Сонымен қатар жедел мәселелер мен ұзақ мерзімге арналған мін­деттерге тоқталу қажет. Бір сөзбен, ал­дағы жұмыстың бағдарын айқындап алған жөн.

Жалпы, Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деп айтуға болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Бұдан бөлек, осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкер­лердің құқықтары жан-жақты қорғалады, сондай-ақ цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға бола­ды», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Алматы облысының даму қарқыны тәуір екенін атап өтті. Былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңге болып, 5,4 пайызға өскен. Биылғы қаңтар-сәуір айларындағы қысқа­мерзімді экономикалық көрсеткіш бо­йынша аймақ елімізде 5-орында тұр. 

«Инвестиция тарту жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция салынды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жетті. Бірақ аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр.

Биылғы 4 айдың нәтижесі бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайыз болды. Алайда бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет», – деді өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Президент сонымен қатар Алатау қаласын салу туралы шешім еліміздің экономикасында күрделі жағдай болған кезде қабылданғанын айтты. 

«Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз. Alatau city жобасы – шын мәнінде, жан-жақты зер­деленді, пысықталды деп айтуға болады.

Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім. Сол себепті біз де Alatau Сity жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселе­лерін шешу қажет. Осы бастаманы іске асыру­дың бас­тапқы кезеңінде бірқатар негізгі ба­ғытқа баса мән беруіміз керек», – деді Мем­лекет басшысы.

Жеті міндет – жетістік кілті

Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелеу үшін нақты жеті міндет тұрғанын атады. Пре­зидент арнаулы құқықтық режим, қаланы дамытудың орнықты моделін құру, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптас­тыру, Алатау қаласын цифрлық активтерді жедел дамыту және елдің жаңа қаржы архитектурасын құрудың стратегиялық алаңына айналдыру, негізгі инфра­құрылымды, әлеуметтік және туристік ин­фрақұрылымды, Алматы агломера­циясын дамыту қатарлы бағыттарды атады. 

Ең алдымен арнаулы құқықтық режим құру міндетін толыққанды іске асыру маңызды екенін атап өтті. 

«Біз Конституциялық заң арқылы қаланы қарқынды дамыту үшін мықты құқықтық негіз қаладық. Бірақ «арнаулы құқықтық режим бар, енді міндетті түрде табысқа жетеміз» деп ойлау қателік болар еді. Өйткені дәл осындай режим енгізілген экономикалық аймақтардың талай рет іс жүзінде нақты нәтиже бермегені белгілі. Сапалы институттар, ашық әрі тұрақты ережелер, дербес реттеу тетіктері болған жоқ. Соның салдарынан көптеген жоба ойдағыдай жүзеге асырылмай қалды. Бұдан тиісті сабақ алып, дұрыс қорытынды шығару қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, ар­наулы режим тиімді жұмыс істеуі үшін біртұтас заңнама жүйесі қажет. 

«Бұл жұмысты екі деңгейде атқару қажет. Біріншісі – негізгі қағидаларды белгілейтін конституциялық деңгей. Бұл мәселе өз шешімін тапты. Ал екіншісі – құ­қықтық реттеу деңгейі, яғни экономика­лық қызметтің әр саласы бойынша нақты заңнамалық тетіктер айқындалады.

Түптеп келгенде, мұндай жұмыс жүйесі құқықтық тұрақтылықты сақтауға мүмкін­дік береді және орынсыз заңнамалық өзгерістер­ден қорғап, жедел және тез шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Алатау жобасына қатысты реттеу актілерін әзірлеу барысында міндетті түрде осындай құқық­тық жүйелерді құру ісінде мол тәжірибесі бар білікті шетелдік сарапшыларды тарту қажет.

Қала әкімшілігі негізгі реттеу актілері­нің барлығын бір жылдың ішінде қабыл­дауды жоспарлап отыр. Қаланы дамыту жөніндегі кеңес бұл істі мейлінше тез қолға алуы керек. Жұмысты соза беруге бол­майды. Әйтпесе, инвестициядан құр қала­мыз. Бизнес өкілдері де бізге сеніп отыр, сондықтан бұл жұмысқа нұқсан келтіруге болмайды.

Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдай жасайды деп, жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар қай жерде мол мүмкіндік бол­са, соған сай бірден шұғыл шешім қабыл­дайды. Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілуге тиіс. Бұл – аса маңызды стра­тегиялық міндет», – деді Мемлекет бас­шысы.

Екінші міндет – қаланы дамытудың орнықты моделін құру

Қасым-Жомарт Кемелұлы жобаны жүзеге асыру айтарлықтай күрделі және операциялық шығындарды қажет ететінін айтты. «Бұл орайда тұрақты, болжамды кіріс базасын қалыптастырған жөн. Қазіргі қаржылық-экономикалық моделдің келешек шығын­дарды жаба алмай қалу қаупі де бар.

Инвестиция ағыны мен бизнесті дамы­туға баса мән беріп отырмыз. Дегенмен бұл – кепілдік берілген табыс көзі емес, бар болғаны болжам мен үміт қана», – деді Президент.

Сонымен қатар бастапқы кезеңде көзделген жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әкелетінін де атап өтті. Бұл дегеніңіз, құрылымдық алшақтыққа ұрын­дыруы мүмкін. Өйткені қаланы қамтамасыз ету мен дамытуға қаражат қажет кезде түсімдер кешігуі немесе бастапқыда төмен болуы ықтимал. Сондықтан Алатауды дамыту жөніндегі кеңес қала әкімшілігімен бірге ұзақмерзімді орнықты дамудың тиімді қаржы-экономикалық үлгісін әзірлеуі керек. 

«Инвесторлар мен серіктестер, азамат­тар 10, 20 немесе 30 жылдан кейін Алатау қаласы­ның қандай болатынын түсінуі қажет. Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфра­құрылымы, қалалық сервистері мен эко­номикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болады. Басты бағдар – осы», – деді Президент.

Сондай-ақ Президент қаланы дамытуға бел­сене кірісу үшін қажет болатын стра­тегия­лық құжаттарды биыл жыл соңында қабылдауды тапсырды. 

Үшінші міндет ретінде Мемлекет басшысы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптас­тыруды атады. Қаланы дамыту үшін инвес­торларға барынша жайлы жағдай жасалуға тиіс және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі қажет. Ең алдымен халықаралық талаптардың қатаң сақталуына баса мән беріледі. Әсіресе, ұлттық заңнама жүйесінде қамтылмаған мәселелер бойынша әлемдік озық тә­жірибені кеңінен қолдану өзекті бола тү­седі.

Президент өз сөзінде: «Нағыз озық әрі жедел даму жолына түсеміз десек, бұл жұмысты міндетті түрде қолға алуымыз керек. Тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпай, батыл шешімдер қабылдауы керек. Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма.

Арнайы құқықтық мәртебесі бар қала­лар жаһандық капиталды тарту үшін дәл осылай батыл әрі белсенді жұмыс істеп, алдыңғы қатарға шығады. Бұл саладағы жұмыстың бәрі нәтижелі болсын десек, инвесторларды көп­теп тарту керек болады, ал ол үшін қолайлы орта жасауымыз керек және тиімді экожүйені құруымыз қажет. Бұл – әрине, өте ауқымды шаруа. Со­ндықтан алдымен өзекті, яғни басымдыққа ие бағыттарға айрықша мән беру керек: IT, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, медицина, білім беру салаларын дамыту өте маңызды», – деді.

Сонымен қатар Президент қаланы дамыту үшін жасақталған пул мен қаржы құйылған қаржы аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылатынын айтты. Алдағы уақытта бұл портфель кеңейтілуі қажет екенін тапсырды. 

«Әсіресе, отандық бизнесті ынталан­дыруға баса назар аударылғаны жөн. Биз­нес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет. Мұның маңызы зор. Өйткені Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркен­деуіне жұмсалған инвес­тиция­ның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құра­ғанын көрсетіп отыр.

Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Син­гапур сияқты қалалардың бәрінде мем­лекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Осылайша, бизнесте тәуекел азайып, тиісті жағдай жасалатын орнықты инвестиция­лық цикл іске қосылды», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, мемлекет инфра­құрылымға инвестиция салса, жеке капитал да келе бастайды. Соның арқасын­да салық түсімі артады, жаңа инфра­құрылым пайда болады. Осылайша, қолға алынған жұмыстың ауқымы кеңейе береді. Ал негізгі инфра­құрылымға бастапқы инвестиция салу міндеті тек жеке секторға ғана жүктелсе, жобалардың инвестициялық тартымдылығы әлсірейді. 

«Сондықтан Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек. Басқа жол жоқ. Қажет бол­са, орнықты кіріс қоры қалыптасқанша Ала­тауға қосымша лимиттерді және мемлекеттің кепіл­дігімен қарыз алу құ­қығын беруге болады. Дегенмен бюджет қаржысы тек инвестициялық мақсатқа сай жұм­салуға тиіс. Қаланың ұзақ­мерзімді даму бағдары басты назарда болуы керек», – деді Президент.

Ал төртінші міндет ретінде қарастырыл­ған қаланың цифрлық активтерді жедел дамыту және елдің жаңа қаржы архи­тектурасын құрудың стратегиялық алаңы­на айналуы мәселесіне келсек, Алатаудың криптоқала ретіндегі маңызы арта түседі. Өйткені Қазақ­стан қаржы нарығы қарқынды трансфор­мация кезеңінде тұр. Елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы финтех индус­триясын дамытуға ықпал етеді. Осы сала­ны дамыту үшін қысқа мерзімде артық кедергілерді жойып, жаңа қаржы құралдарын іске қосу қажет. Президенттің пайымдауынша, цифрлық активтердің нақты құқықтық мәртебесін бекітіп, криптоактивті мүлік ретінде тану керек. Бұл жүйеде цифрлық теңге негізгі рөл атқарады.

«Халықаралық танымал орталықтармен табысты бәсекеге түсу үшін Алатау қаласында цифрлық активтер операция­сына және жергілікті юрисдикцияда капиталдың өсуіне нөлдік мөлшерлеме белгіленіп, тиісті құ­қықтық жағдай жасалуы қажет. Экономиканың нақты секторларын, соның ішінде жылжымай­тын мүлікті, инфрақұрылым нысандарын, шикізат активтерін токенизациялау жобасын жүзеге асыруды жеделдеткен жөн. Бұл орнық­ты және сұранысқа ие цифрлық құралдар нары­ғын қалыптас­тыруға мүмкіндік береді. Осы орайда транзакцияларды цифрлық иденти­фика­циялау және ашық мониторингтеу не­гізінде қауіпсіздік пен инвестициялық тартымдылық теңгерімін қамтамасыз ете­тін бақылау жүйесін іске қосу қажет. Яғни тұ­тастай алғанда Отанымыздың түбегейлі жаңа әрі сапалы өркендеуі туралы сөз болып отыр. Біз елімізді қаржы­лық тұрғыдан дамыту және трансфор­мациялау саласында белгілі бір деңгейде революция жасап жатырмыз», – деді Мем­лекет басшысы.

Инфрақұрылымды дамыту – өзекті мәселе

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды озық үлгіде дамыту бесінші міндет екенін атады. Әрі бірқатар мәселе бар екенін айтты. Айталық, қалаға қосылған елді мекендердің тұрғындары тұрмысқа қажетті қарапайым жағдайдың жасалмағанына шағымданады екен.

«Электрдің жиі өшуіне қатысты арыз-шағымның көптігін былай қойғанда, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтан­дырылған судың жоқтығын алға тартады. Мұндай проблемалар облыстың барлық аумағында бар. Мәселен, 2025 жылы электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, соның салдарынан электр қуатының өшірілуі – 919 рет, ал жыл басынан бері 201 мәрте тіркелген. Қаланың жаңа аудандарында инженерлік ком­муникация тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау сатысында қалып отыр. Үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жоба­лары белгіленген кестеден кешігуде.

Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын», – деді Президент.

Әрі жаңа энергия қуаты көздерін кеңейту мен іске қосу қажеттігі – елдік деңгейдегі мәселе екенін айтты. 

«Мамандардың басым бөлігі энергия тапшылығы мәселесінің негізгі шешімі жаңа генерацияны іске қосу деп біледі. Пікірталас­тың барлығы екі аспектіге – қанша және қандай электр станцияларын салу қажет деген сауалға келіп тіреледі. Біз қашанда талқылауға дайын тұрамыз. Бірақ қазіргі уақытта еліміз энергияны қанша­лықты көптеп жоғалтып отыр деген негізгі сауалды ешкім қозғамайды.

Осы проблеманы шешу үшін First fuel тұжырымдамасына ерекше назар қажет деп санаймын. Халықаралық энергетика агенттігі әзірлеген бұл тұжырымдама энергияның тиім­ділігі мен қуат үнемдеуді арттыру шараларын кеңінен енгізуді қарастырады. Үнемделген энергияның ба­ғасы жаңадан өндірілетін электр энер­гиясының құнына қарағанда, тіпті өн­дірістің қолжетімді түрлерімен салыстыр­ғанда, 2-3 есе төмен болатыны есептелген. Бұл жерде міндетті түрде пайдалануға бо­латын үлкен әлеует жатыр.

Өнеркәсіп министрлігінің ақпараты бойынша, желілердегі электр энергия­сының шығыны шамамен 10 пайызды құрайды, жылу энергиясының шығыны да 10 пайызға жуық.

Мәселен, 2024 жылы электр энер­гиясының жалпы шығыны 9 миллиардтан аса киловатт сағатты құрады. Бұл бүкіл Атырау облысындағы тұтыну көлемінен артық», – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміз әлемде энер­гия­ны ең көп тұтынатын экономика­лардың бірі екенін айтты. Деректерге қарағанда, Қазақ­станның ІЖӨ-дегі энер­гия тұтынуы орташа әлемдік көрсеткіштен 2 есе жоғары, ал Эко­номикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымы елдері көрсет­кіштерінен 3,5 есе артық. Мұндай жағ­дайдың қалыптасу себептерінің бірі ретінде Мемлекет басшысы энергия тұтыну мәдениетіміздің төмендігін атады. Де­мек, халыққа түсіндіру жұмыстары жүр­гізілуі керек. Ал Алатау қаласы ресурстарды оңтайлы, үнемдеп қолдануда үлгі болуға тиіс.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын орындау – конституциялық міндет

Жиында Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге «Таза Қазақстан» тұжырымдама­сына қатысты ерекше міндет жүктеді. Президент материалдық қана емес, ниет тазалығы да маңызды екенін атап өтті. 

«Осыған байланысты Үкіметке, әкім­дерге тағы да айтарым: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет. «Таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл – қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз. Сонымен қатар бұл – ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозға­лысы Әділетті Қазақстанның болмысына, тіпті оның тұтас идеологиясына айналуы керек», – деді Президент. Әрі «Таза Қазақ­стан» мәселесіне алтыншы міндетті тілге тиек еткен кезде тағы да тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгал­дандыру жұмысына әрдайым ерекше мән беру қажет. Сондай-ақ экологиялық мәде­ниетті көтеру мәселесіне көңіл бөлген жөн. Әсіресе, адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды.

Тәртіп бұзушыларды, яғни вандал­дарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс. Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн», – деді.

Сонымен қатар қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет екенін атады. Онсыз ешқандай реформа, жалпы оң өзгеріс болмайтынын, сон­дық­тан құқық қорғау мекемелері заңбұзушы­лық­тарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек екенін айтты. Әрі құқық­тық әрекеттерді сынау дұрыс емес екенін атап өтті. 

«Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек», – деді Президент. Сөйтіп, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға бағыт­талған қадамдарды сынап, арзан ұпай жинауға ұмтылу ұшпаққа шығармайтынын меңзеді. 

Отандық өнімнің бәсі жоғары болуы керек

Мемлекет басшысы өз сөзінде қала құрылысы барысында, негізінен отандық өнімді пайдаланған жөн екенін айтты. Егер жұмыс дұрыс ұйымдастырылса, Alatau city жобасы – құрылысқа және жалпы ел экономикасына мықты серпін беретін бастама. Дегенмен құрылысты толық әрі қарқынды жүргізу үшін жер мәселесін шұғыл шешу керек. 

«Алматы облысының жері өте шұрайлы екені баршаға мәлім. Қаладағы және іргелес аумақтағы жер телімдерінің көп­шілігі жеке меншікте немесе ұзақ мерзімге жалға берілген. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін игерілмей жатыр. Мемлекет қажетті нысандар салып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телім­дерін сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай бүкіл жұмысқа үлкен кедергі келтіруде.

Өкінішке қарай, құрылысы басталған жобалардың саны жоспарға сай емес, яғни әлдеқайда аз. 2024-2025 жылдардың өзінде қолданылмай жатқан 16 мың гектардан астам жер анықталды. Бірақ оның бар-жоғы 688 гектары ғана мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыс көптен шешімін таппай келе жатқан шектеулер мен рәсім­дік кедергілерге байланысты өте баяу жүріп жатыр. Осы мәселе бойынша билік мекемелерінің қауқарсыздық көрсетуге хақы жоқ. Елімізде инвестициялық жоба­ларды іске асыру үшін жер телімдерін пай­даланудың айрықша шарттары әзір­ленді. Аталған құқықтық режим Консти­туциялық заң арқылы бе­кітілді», – деді Президент. 

Сонымен қатар бірінші кезекте баса назар аударатын мәселелерді қолға алу қажет екенін айтты. 

«Мысалы, қоқыс полигондарынан үнемі өрт шығады, бұл мәселені шұғыл және түпкілікті шешкен жөн. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмысын да назарда ұстау қажет. Қалаға жақын аумақта 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компания қызмет етіп жатыр. Олардың басым бөлігі эко­логия­лық заңнама талаптарын және өнеркәсіп қауіпсіздігінің нормаларын сақтамайды. Тіпті, мұндай заңсыз әрекеттер жүйелі сипат алып кеткен деп айтсақ, артық болмайды. Өкінішке қарай, қызметін толық немесе уақытша тоқтатқан көптеген компания жерді қалпына келтіру жұмысымен мүлде айналыс­пайды. Осы мәселені шешу – жергілікті атқарушы органның тікелей міндеті. Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Президент Әкімшілігі осы жұмысқа қосылуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Әлеуметтік салада ауқымды жұмыс істеліп жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы міндет ретінде Әлеуметтік және туристік инфра­құрылымды қарқынды түрде дамыту қажет екенін алға тартты. Бірақ бұл салада бірқатар мәселелер әлі де бар. 

«Бұл салада нақты атқарылған жұмыс жоқ деп айтсақ, қателеспейміз. Ал қазіргі таңда туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі болып саналады. Бас жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай қала халқының саны екі миллионнан асып кетуі әбден ықтимал. Мұндай өсім инженерлік желімен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіретіні анық. Қазір Алатауда жаңа әлеуметтік нысандар өте аз. Соған қарамастан, кәсіпкерлер бұл инфрақұрылымға қаржы салуға дайын. Алатау қаласын дамыту жөнін­дегі кеңес және қала әкімшілігі инвестицияны қайтарудың әдіс-тәсілдері мен мерзімдері айқындалған нақты ережелер әзірлеуге тиіс. Бұл құжатта өзара жүктеме әділ бөлініп, барлық сын-қатерлер ескерілуі керек», – деді Президент.

Сонымен бірге қаланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету де бірінші қатардағы мәселе екенін атап өткен Президент, Алатаудың бас жоспарындағы Golden District ауданы болашақта халықаралық білім және ғылым орталығына, тартымды туристік кластерге айналып, миллиондаған туристі қабылдауға дайын болуы керек екенін тапсырды.

Сондай-ақ Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймағында жыл бойы демалатындай жағдай жасау қажет екенін атады. Су қойма­сы­ның жағалауындағы бей-берекет құры­лысты доғарып, барлық жұмыс рет-ретімен, бас жоспарға сай жүргізілуге тиіс.

«Қонақүйлер мен мейрамханалардан бастап, демалыс саябақтарына дейін барлық нысандардың сырт келбетіне баса назар аударған жөн. Олардың сәулеті, яғни архи­тектуралық стилі көрікті және бірыңғай болуға тиіс. Түптеп келгенде, қала инфра­құрылымы туризмнің қарқынды, сапалы дамуына жол ашуы керек. Осылайша, түскен қаражатты осы аймақтың игілігіне жұмсауға болады», – деді Президент.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Алатау қаласы төңірегінде ғана емес, тұтас елде атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Әсіресе, әлеуметтік салаға ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, соңғы үш жылда елімізде 746 мың оқушыға арналған 600-ге жуық мектеп салынған. Оның үштен бірі – «Келешек мектептері». Сондай-ақ 813 денсаулық сақтау нысаны және 307 спорт нысаны ашылды.

«Менің тапсырмаммен Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау қалаларында заманауи оңалту орталықтары жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта осындай орталықтар Ақтөбе, Көкшетау, Талдықорған, Шымкент шаһар­ларында салынып жатыр. Әлеуметтік нысандар, соның ішінде балаларға арналған оңалту орталықтары барлық аймақта қолжетімді болуға тиіс. Осындай нысандар еліміздің аймақтарында әлі жеткілікті емес. Соның салдарынан жұрт Астана мен Алматыға көптеп қоныс аударуда. Бұл – иммиграцияның теріс сипаттағы үдерісі. Барлық әкімдер осы шаруамен тиянақты айналысуы керек. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты қадағалайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Алматы агломерациясы дамиды

Президент жетінші міндет ретінде Алматы агломерациясын дамытуды тапсырды. Ал Алатау қаласының Алматыға іргелес орна­ласуы зор мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе, сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтуге болады. 

«Сондықтан тағы да атап өткім келеді: Алатау қаласында, ең алдымен, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек. Жаңа кәсіпорындар ашылса, мұнда жұрт та көбірек келіп, тұрақтай бастайды. Бұл үрдіс Алматыға жұмыс бабымен күнделікті келіп-кететін халықтың санын азайтады.

«Күн сайын Алматыға облыстан 400 мыңға жуық автокөлік кіріп шығады. Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейту қажет. Соның ішінде жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін белсенді дамы­ту керек. Осыған орай, Алматы қала­сының және Алматы облысының әкімдеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, биыл бірінші тамызға дейін Skytrain желісін салу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл желі қаланың шекарасынан шығысқа және батысқа қарай тартылуға тиіс.

Сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларын жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін пысықтау қажет. Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының бойында орналасуы және Алатау қаласын Қорғаспен қосатын теміржол тармағының жоспарлануы келешекте Алматы агломерациясының ауқымын кеңейте түседі. Яғни, ауқымды облыстық кластер пайда болады. Almaty SkyHub заманауи мульти­модальді логистика орталығы өңірдегі маңызды жобалардың бірі болмақ», – деді Президент.

Қалаларды көркейту кешенді түрде ұйымдастырылады

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қаланы көркейту жұмысы кешенді түрде жүргізілуі керек екенін айтты. Арнайы басқару режимін енгізу, инвестицияны қорғау және қажетті инфрақұрылымды дамыту ісін бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайтынын ескертті. 

«Бұл бағыттардың бәрі өте маңызды. Мысалы, бастапқы инфрақұрылым болмаса, инвестиция қорғалмаса, халықаралық инвесторлар мұнда келмейді. Бұл – айқын нәрсе. Арнаулы құқықтық режим болмаса, инновациялық тәсілдерді енгізе алмаймыз.

Шын мәнінде, Алатау city жобасын жүзеге асыру – тұрмыс сапасы және іскерлік ортасы ең жоғары әлемдік талаптарға сай келетін озық қала салу деген сөз. Бұл – мемлекеттік маңызы зор міндет, еліміз үшін стратегиялық мәні бар жұмыс. Сондықтан біз тыңғылықты, тиянақты, сапалы жұмыс істеуіміз керек. Құр қағаз жүзіндегі есептің еш қажеті жоқ. Бәрімізге керегі – бір-ақ нәрсе: бұл – нақты нәтиже. Қажетті жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Тиісті құқықтық негіз бар, ресурс та жеткілікті. Енді барлығы алдағы міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуына тікелей байланысты болады. Әрбір бағыт бойынша жеке жауапкершілік жүктеледі», – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Президент жаңа Консти­туцияның мән-маңызына тоқталды. Наурыз айында конституциялық реформаны табысты жүзеге асырылғанын айта келе, жаңа Ата заң жүктейтін бірқатар міндетті атады.

«Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, халқымыздың темірқазығы. Еліміздің Бас құжатында азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, заңға құрмет, табиғатқа жанашырлық, шынайы отаншылдық, еңбекқорлық, білім-ғылым және жоғары технологиялар қағидат­тары айқын көрініс тапты. Сондай-ақ Консти­туцияда еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Егемендігін және Тәуелсіздігін қорғау әр азаматтың қасиетті борышы деп жазылды.

Осы орайда, әрине нағыз отаншыл аза­маттың озық үлгісін, ең алдымен мемлекеттік қызметшілер көрсетуі керек. Бұл – ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген әрбір қызметшінің қастерлі парызы. Лауазымды тұлғалар, күштік құрылымдар мен басқа да билік өкілдері Конституцияға үнемі сілтеме жасауы керек. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында адамдар өмірде болсын, кинода болсын, Конституцияны аузынан тастамайды. Біз де осындай құқықтық мәдениет қалыптас­тыруымыз қажет. Бұл ең алдымен ұлттық бол­мысымызға оң әсер етеді», – деді Пре­зидент.

Әрі Ата заңның адами құндылықтар мен заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс екенін атады. Мемлекет пен қоғам арасында шы­найы серіктестік орнап, белсенді, жанашыр азаматтар ұлттың жасампаз күшіне айналуы қажет. 

«Бүгінде қолданыстағы заңнамаларды Конституция талаптарына сай өзгерту жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Құрылтай сайлауы өтеді, Халық кеңесі құрылады. Қазір Парламент «Жергілікті мем­лекеттік басқару және өзін-өзі басқару ту­ралы» заңға түзетулер енгізуде. Бұл өзгерістер күшіне енген соң мәслихаттардың ықпалы артады. Аймақтағы депутаттар бюджетті бөлуге тікелей араласатын болады. Соның нәтижесінде облыстар мен қалалардағы жергілікті өкілді биліктің бақылау тетіктері күшейеді. Бұл маңызды қадам аймақтардың дербестігін арттыра түседі.

Бәріңізге мәлім, биыл Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 4 жыл толады. Шаһарда ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Қала біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретінде қалыптасуда. Бұл – әкім Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі. Жалпы, Алматы облысының өсіп-өркендеуі үшін барлық мүмкіндік бар. Өңірге инвесторлар назар аудара бастады», – деген Президент жиын соңында бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапат­тады. 

Ардақ СҰЛТАН