Халықты қызықтыру үшін орталық басшылығы оқырманы көп жұлдыздарды таңдап алып, жарнама жасатыпты.
"420 мың теңге": Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанованың басы дауға ілікті
фото: www.istockphoto.com
243
оқылды

Алматыда тіл үйрену курсына төлем жасап, сан соғып қалғандар шу шығарды. "Ағылшын тілінде сайратамыз, тіпті қосымша тағы бір шет тілін тегін үйретеміз" деген "Талпын" деп аталатын орталықтың жарнамасын бірқатар жұлдыздар  жүргізіп, басы дауға ілікті,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

КТК телеарнасының дерегінше, жұлдыздар жасаған жарнамасына сеніп, онлайн курсты біраз адам сатып алған секілді. Оның бірі – көпбалалы ана Сәуле Құсбекова.

Айтуынша, ол танымал тұлғалар мақтауын асырған соң қызы ағылшын тілін жетік меңгеріп шығады деп үміттенген.

Тіпті, ондағылар қосымша тағы бір шет тілін тегін үйретеміз деп уәде етіпті. Алайда бір айдан кейін сабақ тоқтап қалған. 420 000 теңгеге алты ай оқуды екі жылға бөліп төлеумен алдым. Сабақтары бір ай жақсы өтіп жүрді. Біз қайта-қайта сұрап, хабарлама жаздық. "Сабақ қашан өтеді, қай уақытта басталады" деп. Біршама уақыттан кейін сабақ мүлдем тоқтатылды. Ешқандай жауап жоқ",  дейді Сәуле Құсбекова.

Сорақысы, осында істейтін педагогтерге де кесірі тиіп, олардың бір айлығы, еңбекақысы да өтелмеген. 50-ден аса мұғалімге еңбекақы төленбеген көрінеді. Халықты қызықтыру үшін орталық басшылығы оқырманы көп жұлдыздарды таңдап алып, жарнама жасатыпты. Академия басшылығына қазір сол әнші, актер, блогерлерің өздері де өкпелі. Мәселен, әнші Айгүл Иманбаева "курстың сертификатын көріп барып жарнама жасадым" десе, Жанар Айжанова "видеомды рұқсатсыз таргетке жіберді" деп отыр. Ал Еркебұлан Тоқтар сол кезде орталық жұмыс істеп тұрған соң, өз парақшасында курс туралы ақпарат жариялауға келіскен.

"Кейінгі кездері орталық қаржы қиындықтарына тап болды. Соның салдарынан оқу процесін толық көлемде жалғастыруда қиындық туды. Сабақтың тоқтап қалғанын жоққа шығармаймыз. Кейбір мұғалім бір жыл бойы уақытылы алып жүрген жалақысын соңғы айда ала алмай қалды. Жалақы мәселесі бір-екі ай көлемінде толық шешіледі. Компания тарапынан өтпей қалған сабақтардың ақшасы қайтарылады немесе курсты жалғастырамыз",  деп жауап берген "Талпын" академиясы.

Бірақ сан соққан жұрт бұған сенбей, полицияға жаппай арыз түсірді. Осылайша, қылмыстық іс қозғалған.

"ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы  3-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бір емес, бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша. Міндетті түрде тіл курсының басшылығы анықталып, оның іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі".

"Талпын академиясына алдандық" дегендердің саны бүгінде 300-ге жуық. Олар тек Алматыда емес, еліміздің әр өңірінде бар. Егер жұртқа тіл үйретпек болғандардың кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін,  дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.