Ұлытауда балалар стадионды қиратып, орындықтарын сындырған. «Жастар» стадионының аумағындағы вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Ұлытау облысының полиция қызметкерлері екі кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Ата-аналарының қатысуымен жасөспірімдерге профилактикалық сипаттағы түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Ата-аналарға қатысты балаларын тәрбиелеудегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.
– Бұдан бөлек, олар келтірілген шығынды өтеуі тиіс. Өңірлік полиция департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын қалалық инфрақұрылым объектілеріне ұқыпты қарауға шақырады. Ата-аналар жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын, соның ішінде олардың қоғамдық орындарда болу ережелері мен жолдардағы қауіпсіздік шараларын сақтауын бақылауға ерекше назар аударуы қажет, – деді Ұлытау облысының ПД баспасөз қызметі.
