Барлық жабдықты тасымалдау үшін 21 жүк көлігі немесе екі жүк ұшағы қажет.
21 жүк көлігі, 2 жүк ұшағы: Cirque du Soleil астаналықтарды несімен таңғалдырмақ?
фото: баспасөз қызметінен алынды
222
оқылды

Қазақстандағы ресми премьераға бір күн қалғанда Cirque du Soleil командасы әлемдегі ең танымал шоулардың бірі – OVO қойылымының сахна сыртындағы өмірін алғаш рет БАҚ өкілдеріне көрсетті, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кеше OVO ұжымы арнайы шақырылған қонақтарға арналған жабық форматтағы кездесу өткізіп, көрермендерге жол түсе бермейтін аймақтарға журналистер кіріп, репетиция барысын тамашалап, әйгілі қойылымның қалай әзірленетінін көріп қайтты.

 Қонақтарға арналған экскурсияны OVO шоуының ресми өкілі Жани Малле жүргізіп, Cirque du Soleil 1984 жылы Канадада құрылғанын сөз етті.

– Сол уақыттан бері біздің мақсатымыз – көрермендердің қиялын оятып, ерекше әсер сыйлау. Қазақстанға бұған дейін 2017 жылы келгенбіз. Ал биыл ел көрермендеріне бұрын-соңды тамашаламаған OVO қойылымын алып келдік. Осында болғанымызға қуаныштымыз, – деді ол.

 OVO – жәндіктер әлемі арқылы баяндалатын ерекше оқиға. Сахнада көбелектер, құмырсқалар, шегірткелер, өрмекшілер, қоңыздар және басқа да ұсақ тіршілік иелері тіріліп кеткендей әсер қалдырады. Олардың оқиғалары арқылы махаббат, достық, өзгеріс пен бір-бірімен үйлесімді өмір сүру тақырыптары көрініс табады. Қойылымға қатысатын 53 әртістің барлығы түрлі жәндіктің бейнесін сомдайды.

 Қазақстанға шоу құрамындағы әртістер мен техникалық мамандардан тұратын 100 адамдық халықаралық команда келді.

 «Бұл – мен еңбек еткен цирктердің ішіндегі ең үздігі. Cirque du Soleil әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды өнерпаздарды біріктіреді. OVO құрамында 25 елден келген 53 әртіс бар, олар 17 түрлі тілде сөйлейді. Барлығы өз ісінің нағыз шеберлері. Жұбайым екеуміз Украинаданбыз, қойылымда көбелек бейнесін орындаймыз. Көбелек еркіндікпен, нәзіктікпен және сұлулықпен астасады. Біз осы қасиеттерді өнеріміз арқылы жеткізуге тырысамыз. Арнайы осы шоу үшін әсерлі акробатикалық элементтерден тұратын бағдарлама әзірледік. OVO-ның тағы бір ерекшелігі – оның бәріне түсінікті болуы. Мұнда нақты бір тілді білу шарт емес. Тіпті, клоундар да өздеріне ғана тән шартты тілде сөйлейді. Сондықтан қойылымды кез келген жастағы және кез келген ұлт өкілі түсіне алады», – дейді OVO әртісі, әуе гимнасы және көбелек бейнесін сомдайтын Артур Дудов.

 Артурдың жұбайы әрі OVO әртісі Эсмира Кулиева өз нөмірі ең нәзік жаратылыстың өзі батыл әрі қайсар бола алатынын сөз етті.

Айтуынша, техникалық тұрғыдан бұл өте күрделі нөмір. Онда ауада ажырап орындалатын элементтер, күрделі ауысулар мен үлкен күшті талап ететін комбинациялар көп. Ең қиын бөлігі – соңғы комбинация, онда тепе-теңдікті тек бұлшық ет күшімен сақтау қажет деп санайды.  

Экскурсия барысында журналистер түнгі жәндіктер әлемінде өтетін Diabolos нөмірінен үзінді көрді. Сахнада жалғыз бізтұмсық қоңыз жарқыраған отшашқұрттарды қуалайды, ал жарық пен көлеңкенің үйлесімі көрерменді ертегі әлеміне жетелейді.

 OVO қойылымының режиссері әрі хореографы – бразилиялық өнер қайраткері Дебора Колкер. Оның шығармашылық қолтаңбасы қойылымның барлық бөлігінен байқалады: бразилиялық әуендерге негізделген музыкадан бастап, жарқын костюмдерден, сахналық пластикадан және декорация шешімдерінен анық көрінеді.

 Қонақтар қойылымның ерекше декорацияларымен де танысты. Сценограф Гринго Кардия жәндіктердің ұялары мен колонияларын салу тәсілдерінен шабыт алған. Спектакль барысында сахналық кеңістік үнемі өзгеріп отырады: бірде орманға, бірде үңгірге, енді бірде жұмбақ мекенге айналады.

 «Қойылымның басты нышаны – жұмыртқа. OVO сөзі португал тілінен аударғанда "жұмыртқа" деген мағынаны білдіреді. Сондықтан бұл бейне бүкіл оқиға бойында кездеседі. Әңгіме арқасына жұмыртқа артқан көк шыбынның жаңа жәндіктер колониясына келуінен басталады. Көрермендер де басты кейіпкермен бірге осы таңғажайып әлемнің тұрғындарымен танысып, олардың өмірі мен оқиғаларына куә болады», – дейді Жани Малле.

 Декорацияның ең ірі бөлігі – ені 19,5 метр, биіктігі 9 метр болатын алып қабырға. Әртістер оған өрмелеп шығып, оның ішіне кіріп кетеді және акробатикалық нөмірлерде арнайы алаң ретінде пайдаланады. Қабырғада қозғалып тұратын 13 алып жапырақ орнатылған. Сонымен қатар сахнада биіктігі төрт-бес метрге жететін гибискус гүлдері, алып қызғалдақтар, настурциялар және Өрмекші нөмірінде қолданылатын үлкен жапырақ бар.

 Экскурсия аясында БАҚ өкілдері костюмдер цехын аралап, жүздеген ерекше сахналық киімнің қалай әзірленіп, сақталып және күтім жасалатынын білді.

 «Cirque du Soleil костюмдерінің барлығы Монреальда тігіледі. Компанияның бас кеңсесінде шамамен 200 маман тек костюм әзірлеумен айналысады. Әр костюм нақты бір әртіске және оның өнер көрсету ерекшелігіне қарай жеке дайындалады. Әуе гимнастарына, акробаттарға, клоундарға арналған киімдер тек сыртқы келбетімен ғана емес, құрылымымен де ерекшеленеді», – деді Жани Малле. 

Гастроль кезінде костюмдердің жағдайын бес маман қадағалайды. Бір ғана қойылымда шамамен 800 костюм элементі пайдаланылады. Мәселен, сенбі күні Астанада үш көрсетілім жоспарланғандықтан, мамандарға шамамен 2 400 костюм элементін дайындауға тура келеді.

 Шоудың ауқымы логистикадан да байқалады. Барлық жабдықты тасымалдау үшін 21 жүк көлігі немесе екі жүк ұшағы қажет. Команда өзімен бірге кір жуатын жабдықтарын да алып жүреді: бес кір жуғыш машина және үш кептіргіш. Астанадағы премьераға дайындық барысында 60 рет кір жуылған. Әр көрсетілімнен кейін тағы 12-15 жуу циклі орындалады. Соның арқасында жүздеген костюм үнемі мінсіз күйде сақталады.

 Журналистер грим бөлмесіне де кіріп, әртістердің сахналық бейнелері қалай жасалатынын көрді. Дәл осы жерде орындаушылар көбелекке, скарабей қоңызына, шегірткеге және басқа да жәндіктерге айналады. 

«Әр әртіс кәсіби визажистерден арнайы дайындықтан өткен соң, сахналық гримін өзі жасайды. Кейіпкерге байланысты бұл жұмыс 30 минуттан бір жарым сағатқа дейін созылады. Грим бірнеше қабаттан тұрады және ең күрделі акробатикалық қозғалыстар кезінде де бұзылмауы керек. Ол әртіске кейіпкердің бейнесіне толық енуге әрі көрерменге эмоциясын анық жеткізуге көмектеседі», – дейді Жани Малле. 

Қонақтарға қойылым музыкасының қалай жасалғаны да таныстырылды. Композитор Берна Сеппас босса-нова мен самба әуендерін фанк және электронды музыка элементтерімен ұштастырған. Бразилиялық композиторға тән ерекшелік ретінде соқпалы аспаптар маңызды орын алады.

 

Сонымен қатар ол шынайы жәндіктердің дыбыстарын жазып алып, музыкалық партитураға енгізген. Әр кейіпкердің өзіндік музыкалық тақырыбы мен аспаптық бояуы бар.

 Шоудың музыкалық құрамында жеті музыкант пен бір вокалист өнер көрсетеді. Олардың қатарында барабаншы әрі топ жетекшісі, бас-гитарист, перкуссионист, скрипкашы, үрмелі аспап орындаушысы, клавишші және гитарист бар. Қазақстандағы қойылымдар кезінде олардың көпшілігі бірнеше аспапта қатар ойнайды.

 Мюзиклдерден айырмашылығы, мұнда музыка сахнадағы әрекетке бейімделеді. Сол себепті музыканттар, вокалистер мен дыбыс режиссерлері қойылым бойы гарнитура арқылы үздіксіз байланыста болады. 

Айта кетейік, OVO – Cirque du Soleil-дің ең танымал қойылымдарының бірі. Оны әлем бойынша 10 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Сондай-ақ бұл – компанияның 2017 жылдан бері Орталық Азияға алып келген алғашқы ірі жобасы. Қойылым цирк өнерін театрмен, музыкамен, акробатикамен және визуалды шешімдермен ұштастырады. Сондықтан оны балалар да, ересектер де қызыға тамашалай алады.

 OVO қойылымдары Астанада 4-7 маусым аралығында Barys Arena кешенінде өтеді. Одан кейін шоу алғаш рет Алматыға барып, 11-14 маусым күндері Almaty Arena сахнасында көрсетіледі. Қазақстан бойынша барлығы 14 қойылым жоспарланған. Ұйымдастырушылардың болжамынша, оларды 70 мыңнан астам көрермен тамашалайды.