Павлодар қаласында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында республикалық «Жайдарман» ойыны ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген үздік командалар өзара бақ сынады, – деп хабарлады Aikyn.kz ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған сайыста Қарағанды қаласының намысын қорғаған 5451 әскери бөлімінің «Ұлттық ұлан» командасы жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, жүлделі II орынды иеленді. Команда мүшелері өздерінің әзілге толы қойылымдары, сахна мәдениеті мен шебер ойындарының арқасында көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Ойын барысында ұландықтар қоғамдағы өзекті мәселелерді әзілмен астастырып, көрерменге ой салатын мазмұнды нөмірлер ұсынды. Әрбір қойылым шынайылығымен ерекшеленіп, залдағы көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Команданың тапқыр әзілдері мен сахнадағы еркін қимылдары көпшіліктің көңілінен шығып, кештің көркін аша түсті.
Республикалық деңгейдегі бұл дода қатысушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Өз кезегінде «Ұлттық ұлан» командасының жүлделі орын алуы ұжымның ұйымшылдығы мен шығармашылық ізденісінің жемісі болды.
Жайдарман сахнасында жарқын өнер көрсеткен ұландықтар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, Қарағанды өңірінің абыройын асқақтатты. Бұл жетістік алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыруға берік негіз болмақ.
