Осыдан бір жыл бұрын «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қостанай қаласындағы қарқынды дамып келе жатқан «Аэропорт» шағынауданында №40 бөбекжай ашылған еді. Осылайша, шағынаудан тұрғындары көптен күткен игілікке қол жеткізіп, жақын жерде заманауи балабақша салынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Аэропорт» шағынауданындағы жергілікті тұрғындар үшін ең өзекті мәселенің бірі мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығы болатын. Ата-аналар балаларын күн сайын қаланың өзге аудандарына алып баруға мәжбүр еді. Сондықтан жаңа балабақша салу мәселесі депутаттармен және партия өкілдерімен өткен кездесулерде жиі көтеріліп отырды.

Тұрғындардың бұл өтініші «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына енгізілді. Нысандағы құрылыс жұмысы барысының барлық кезеңі партиялық бақылауға алынды. Депутаттар мен комиссия мүшелері жұмыс сапасы мен нысан құрылысының белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалап отырды.
Бүгінде осы жұмыстың нақты нәтижесін көруге болады. Бір жыл бұрын ашылған №40 бөбекжай қалыпты режимде жұмыс істеп, шағынаудан тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Осы күні мұнда 16 топқа бөлінген 280 бала тәрбиеленуде. Олардың жан-жақты дамуына қажет барлық жағдай жасалған: музыка, хореография және спортзалдары жұмыс істейді, қосымша сабақтар мен үйірмелер ұйымдастырылады. Осы уақыт аралығында №40 бөбекжай өңірдегі үздік мектепке дейінгі ұйымдар қатарына қосылып, енгізілген ваучерлік қаржыландыру жүйесі өз тиімділігін дәлелдеді.

Шағынаудан тұрғыны Рузанна Ерманова баласын осы бөбекжайға алып келіп жүр. Оның айтуынша, үйге жақын жерде орналасқан мектепке дейінгі ұйым отбасы тұрмысын айтарлықтай жеңілдетті.
«Балабақша дәл үйдің іргесінде орналасуы – біз үшін үлкен жеңілдік. Ең бастысы, бір жылда сапалы нәтиже көрдік: балалардың дүниетанымы кеңейіп, дамуында айқын ілгерілеу байқалады. Ғимарат әрдайым кең әрі жарық, барлық санитарлық талап қатаң сақталады. Бағдарлама аясында балаларға арналған қосымша үйірмелер де ұйымдастырылады. Балаларымыз мұнда өздерін өте жайлы сезінеді», – деді ол.

Жалпы, №40 бөбекжайдың оң тәжірибесі арқылы сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы адамдардың тұрмысына қалай әсер ететінін көруге болады. Бүгінде Қостанай облысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, іс-шаралар жоспарының орындалу деңгейі қазірдің өзінде 96,2 пайызға жетті. Осы міндеттемелер шеңберінде облыс аумағында 4 заманауи балабақша салынып, жүйелі жұмыс істеп тұр. Бағдарламада қамтылған өзге де инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Партия әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын ғана емес, олар пайдалануға берілгеннен кейін сапалы жұмыс жүргізілуін де партиялық және депутаттық бақылауда ұстайды.
