Қасым Өтешев сотта өз кінәсін мойындамай, жанжалды азаматтық жұбайы бастағанын мәлімдеді.
Ақтауда танымал шоумен «Хан Тамада» қамалды
199
оқылды

Ақтауда «Хан Тaмадa» лақап атымен танымал шоумен Қасым Өтешев қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сот материалдарына сәйкес, 13 мамыр күні Қасым Өтешевке қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылған. Құжатқа сәйкес оған азаматтық жұбайымен байланыс орнатуға, телефон шалуға, тұрғылықты жеріне баруға және оның еркінен тыс кездесуге тыйым салынған.

Бірақ 21 мамырда Ақтаудағы пәтерлердің бірінде олардың арасында жанжал туындаған. Жәбірленушінің айтуынша, шоумен оны құрбысының көзінше балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Бұл жайтты сот барысында куәгер де растаған.

Қасым Өтешев сотта өз кінәсін мойындамай, жанжалды азаматтық жұбайы бастағанын мәлімдеді. Соған қарамастан сот оның кінәсі әкімшілік хаттама, жәбірленушінің арызы және куәгердің айғақтарымен дәлелденген деген қорытындыға келді.

Сот қаулысына сәйкес, әкімшілік қамау мерзімі 22 мамырдан бастап есептеледі. Қаулы 2 маусым күні заңды күшіне енген.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым Өтешев пен жұбайына қатысты жеке сипаттағы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Кейін аталған жазбаның таралуына байланысты өтемақы өндіру мәселесі де көтерілген еді.

Қазіргі жағдайда сөз болып отырған іс әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты сот шешіміне негізделген. Заң бойынша кез келген тұлғаның құқықтары мен мүдделері заң аясында қорғалады.