Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) жүргізген «Мемлекеттік мерекелер символдық саясаттың құралы ретінде» атты әлеуметтік зерттеудің нәтижелері (іріктеме – 3 000 респондент) қазақстандықтардың азаматтық сана-сезімінің жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мемлекеттік мерекелермен байланыстырылатын негізгі рәміздер туралы сұраққа берілген жауаптар нақты трендті аңғартады: қоғамдық қабылдауда мерекелік даталар патриотизм және егемендік құндылықтарымен тығыз ұштасып жатыр.
Деректерді талдау: қоғамның басты бағдарлары
Мемлекеттік рәміздердің абсолютті көшбасшылығы: азаматтардың жартысынан көбі (51,2%) мерекелерді, ең алдымен, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбамен, ал 44,1%-ы — Мемлекеттік Әнұранмен байланыстырады. Тәуелсіздіктің ресми атрибуттары рейтингте үлкен басымдықпен көш бастап тұрғаны терең ішкі патриотизмді айғақтайды. Қазақстандықтар үшін мемлекеттік мереке – бұл жай ғана демалыс күні емес, мемлекетпен және оның егемендік символдарымен тұтасу актісі.
Ұлттық киім – азаматтық сананың маңызды маркері: респонденттердің 38,1%-ы ұлттық киімдерді атап өткен. Бұл мерекелердің қоғам тарапынан мәдени кодты, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың және тарихи тамырға деген құрметтің негізі ретінде қабылданатынын көрсетеді. Осы санатқа еліміздің ұлттық қаһармандар пантеонын қалыптастыратын тарихи тұлғалар туралы естеліктер де (22,0%) жатады.
Мерекенің сыртқы белгілері – бұқаралық серуендер мен концерттер (24,3%), дәстүрлі тағамдар (23,8%) және отшашулар (салюттер) (17,1%) құндылықтық-мағыналық көшбасшылардан кейін тұрғаны назар аудартады. Қоғам форма мен мазмұнды нақты ажырата біледі: концерттік бағдарлама маңызды, бірақ ол іс-шараның мемлекеттік рухымен салыстырғанда екінші деңгейлі сипатқа ие.
Рейтингтегі ең төменгі позицияларды сыйлықтар мен құттықтаулар (7,7%), сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми брендинг (4,1%) иемденген. Қазақстандықтар маңызды мемлекеттік даталарды жеке коммерциялық пайда немесе әлеуметтік желідегі құрғақ белсенділік тұрғысынан қарастырмайды.
ҚҚДИ деректері қалыптасқан азаматтық сананы көрсетеді: жалпыұлттық салтанат сәттерінде адамдар Ту, Елтаңба және Әнұран төңірегінде рухани бірігеді.
Қазақстандағы мемлекеттік мерекелер өздерінің басты стратегиялық рөлін сәтті атқарып келеді, олар патриотизмді, билік институттарына деген құрметті және еліміздің егемендігіне деген мақтанышты нығайтатын мықты шоғырландырушы қызметін атқаруда.
