Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымының өкілдері қатысты.
Еуропалық Одақтың жаңа экологиялық талабы: қазақстандық экспорттаушыларға қандай өзгеріс әкеледі?
219
оқылды

2026 жылдың 3 маусымда Астана қаласында «Еуропалық Одақтың трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі (CBAM): қазақстандық алюминий және қара металлургия өнімдерін экспорттаушылар үшін нарыққа қол жеткізу, қаржылық салдарлар және талаптарға сәйкестік мәселелері» тақырыбындағы зерттеудің таныстырылымына арналған семинар өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымының өкілдері қатысты. Семинарды ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова ашты.

CBAM (Carbon Border Adjustment Mechanism) – Еуропалық Одақтың климаттық саясаты аясында енгізілген трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі. Оның мақсаты – импортталатын өнімдерді өндіру кезінде бөлінетін парниктік газдар шығарындыларын есепке алу және еуропалық әрі шетелдік өндірушілер үшін бірыңғай экологиялық талаптарды қамтамасыз ету. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл тетік міндетті түрде қолданылатын кезеңге өтті. Осылайша, өнімнің көміртек ізін есепке алу Еуропалық Одақ нарығына шығудың маңызды шарттарының біріне айналды.

Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы зор. Өйткені Еуропалық Одақ еліміздің негізгі сауда серіктестерінің бірі әрі қазақстандық алюминий өнімдерінің басты экспорттық нарығы болып табылады. Жаңа талаптар алюминий, темір және болат өнімдерін экспорттайтын отандық кәсіпорындардың қызметіне тікелей әсер етіп, олардың халықаралық саудадағы өзгеріп жатқан талаптарға бейімделуін қажет етеді.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша Еуропалық Одақтың Қазақстанның сыртқы саудасындағы үлесі шамамен 31%-ды, ал экспорт құрылымындағы үлесі 44%-ды құрады. Сонымен қатар, қазақстандық алюминий экспортының жартысынан астамы Еуропалық Одақ елдеріне бағытталған», – деп атап өтті Жанель Күшікова.

Отандық бизнесті қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Халықаралық сауда орталығы және «QazTrade» АҚ Еуропалық Одақ қаржыландыратын Ready4Trade Central Asia жобасы аясында CBAM тетігінің Қазақстанның алюминий және қара металлургия салаларына ықпалын бағалауға арналған зерттеу әзірледі. Құжатта жаңа механизмнің ықтимал қаржылық әсеріне талдау жасалып, кәсіпорындардың талаптарға бейімделуіне бағытталған практикалық ұсынымдар ұсынылған.

«CBAM тетігі Еуропалық Одақтың климат пен сауда саласындағы кешенді саясатының маңызды құралдарының бірі саналады. Тұрақты даму көрсеткіштері бойынша есептіліктің ашықтығын арттыру және есеп жүргізу тәжірибесін жетілдіру қазақстандық экспорттаушыларға халықаралық нарықтардағы талаптар күшейіп жатқан жағдайда өз бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы үшін мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және Халықаралық сауда орталығы (ITC) сияқты халықаралық серіктестердің өзара ықпалдастығы алдағы уақытта да ерекше маңызға ие», – деп атап өтті Йоханнес Баур, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы.

«ITC–QazTrade зерттеуінің қорытындыларына сәйкес, 2025 жылғы экспорт көлемдері негізге алынған жағдайда қазақстандық экспорттаушылардың CBAM аясындағы жыл сайынғы міндеттемелері өңделмеген алюминий, феррохром, сондай-ақ болат прутоктар мен өзектер сияқты төрт негізгі тауар санаты бойынша шамамен 114 миллион еуроны құрайды.

Біз қазірдің өзінде өнеркәсіптік экспорттаушыларды Еуроодақтың жаңа талаптарына жүйелі түрде бейімдеу жұмыстарын бастадық. Бұл шаралар қаржылық жүктемені азайтуға және қазақстандық өнімнің біз үшін стратегиялық маңызы бар нарықтардың біріндегі бәсекеге қабілеттілігін сақтауға бағытталған», – деді «QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Семинар барысында қатысушыларға зерттеудің негізгі қорытындылары мен кәсіпорындарды жаңа талаптарға бейімдеу бойынша ұсыныстар таныстырылды. Әсіресе шығарындыларды есепке алу және растау жүйелерін енгізу, қазақстандық өнімнің еуропалық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтау және экологиялық таза өндірісті дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

«Қазіргі таңда Қазақстан Еуропалық Одаққа құны 600 миллион еуродан асатын болат пен алюминий экспорттайды. Сарапшылардың бағалауынша, егер CBAM аясында стандартты шығарындылар көрсеткіштері қолданылса, қазақстандық экспорттаушылардың жыл сайынғы шығындары 100 миллион еуродан асып кетуі мүмкін. Оның 90 пайызы болат шыбықтар мен өзектерге тиесілі. Бұл өнімдер бойынша CBAM-ға байланысты шығындар кей жағдайда тауардың өз құнынан да жоғары болып, 123 пайызға жетуі ықтимал. Дегенмен, қазақстандық өндірушілер бұл шығындарды айтарлықтай азайта алады. Ол үшін нақты шығарындылар көлемін тұрақты бақылап, есепке алу, стандартты көрсеткіштердің орнына нақты деректерді ұсыну, жергілікті верификаторларды аккредиттеу, өндіріс орындарындағы шығарындыларды қысқарту және көміртек бағасын қалыптастырудың ішкі тетіктерін жетілдіру сияқты салыстырмалы түрде қарапайым қадамдарды жүзеге асыру жеткілікті», – деді Халықаралық сауда орталығының (ITC) сарапшысы әрі есептің жетекші авторы Йост Паувелин.

Іс-шараға қатысушылар CBAM талаптарына тиімді бейімделу үшін шығарындыларды мониторингтеу мен верификациялаудың ұлттық инфрақұрылымын дамыту, білікті мамандар даярлау және мемлекет, бизнес пен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа климаттық талаптар қосымша міндеттеме ғана емес, өндірісті жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттыруға және заманауи экологиялық технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін маңызды ынталандырушы фактор ретінде бағаланды.