Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали Мөлдір Әуелбековаға қолдау білдірді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Өнер иесі әріптесінің әлеуметтік желіде буллингке ұшырағанына алаңдаушылық білдірген. Сонымен қатар парақшасында жазба жариялап, Мөлдір Әуелбекованың дауыс мүмкіндігін, талантын жоғары бағалайтынын айтты.
"Соңғы күндері әлеуметтік желіде Мөлдірге қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Әркімнің өз көзқарасы бар, оған таласым жоқ. Бірақ мен өнер адамы, әнші әрі вокал маманы ретінде өз пікірімді айтқым келеді. КешYOU тобының жиырма жылдық тарихында талай талантты қыздар өнер көрсетті. Олардың әрқайсысының өз орны, өз көрермені бар. Дегенмен, әншілік шеберлік, дауыс мүмкіндігі, табиғи талант, сахна мәдениеті және орындаушылық деңгей тұрғысынан қарағанда, мен үшін Мөлдір Әуелбекова жеке дара тұрған әнші. Бұл — біреуді кемсіту немесе біреуді екіншісінен жоғары қою үшін айтылған сөз емес. Бұл — маман ретінде көп жылдық тәжірибеме сүйеніп айтқаным. Өнерде бәрі бірдей болмайды. Біреу сұлулығымен ерекшеленеді, біреу еңбекқорлығымен, біреу харизмасымен, ал біреу Алла берген ерекше талантымен дараланады. Мөлдірдің бойында сол сирек кездесетін табиғи әншілік талант бар. Сондықтан дәл осындай кезде қарындасымызға тас атқаннан гөрі, қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Өнердегі ең ауыр нәрсенің бірі – өз әріптестеріңнен қолдау көрмеу. Кім не десе де, мен Мөлдір қарындасымды өте талантты, кәсіби деңгейі жоғары әнші деп есептеймін. Ең бастысы – адамды ғайбатпен емес, өнерімен бағалайық. Қарындасым, саған шығармашылық табыс, мықты денсаулық және сабыр тілеймін!" - деп жазды өнер иесі.
Желі қолданушылары қолдау білдіргені үшін дәстүрлі әншіге жылы лебізін жазды.
"Мөлдірге қолдау білдіретін өнердегі бір аға болса да табылды-ау! Көп рахмет сізге", "Өсек-аяңға қосқан адамдар оның өнерін бағалауы керек еді", "Сол топтан шықса, өмір бойы қарыздар деген сөз емес қой. Тума талант!" - деп жазды желі қолданушылары.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
