«Диета.кз» тобының әншісі Жасұлан Базарбаев ерекше қызының жасанды интеллект көмегімен сөйлеген сәтін көріп, көз жасына ерік берді, - деп жазды Aikyn.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялады. Айтуынша, эфир барысында ерекше қызының жасанды интеллект сөйлегенін көріп, көзіне жас алған.
«Қызды болуды армандап, сегіз жыл күттік. Алайда қызымыз 2,5 жасқа толғанда оның диагнозы бар екенін білдік. Сол сәттен бастап ем іздеп, талай маманның көмегіне жүгіндік. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. Бүгінде қызымыз он жастан асты. Жаймен сөйлеп бастап, өз ойын жеткізіп жүр», – дейді әнші.
Толқып тұрған сәтте ол тағы бір шынайы ойын бөлісті.
«Эфирде жылайтын адамдарға бұрын жыным келетін. Егер осы сәтте көңілдеріңізге мұң ұялатсам, көрерменнен кешірім сұраймын. Менің де өмірімде түрлі сынақтар болды. Соған қарамастан әрдайым көңілді жүруге тырысамын», – деді Жасұлан Базарбаев.
Желі қолданушылары оған қолдау білдіріп, қызының денсаулығы мен бақыты үшін күресіп жүргеніне алғыс айтты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
