Әнші Тоқтар Серіков "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында әлеуметтік желіде отбасылық және жеке өмірі жайлы жазбалар жарияламайтынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, ол бұл шешімге жұбайымен ақылдаса келген.
– Шындықты айтсам, жұбайыммен ақылдасып, Instagram желісіне жеке өмірімізді жарияламауды жөн көрдік. Не ішіп, не жегенімізді, қандай көлік мініп, қай үйде тұратынымызды, тіпті бала-шағамның санын да көрсеткім келмейді, – деген әнші өз жағдайына шүкіршілік ететінін жеткізді.
– Алайда елімізде әлі де тұрмысы төмен, күнкөрісі қиындаған жандар бар. Баласының болашағына алаңдап, көзіне жас алған ата-аналар бар. Сондай сәттерді ойласам, көңілім құлазиды. Өзім мақтанып жатқанда, бір адам маған мұңайып қарап тұрса, бұл – мен үшін үлкен сын. Сондықтан өнердегі барша әріптестеріме айтарым: бұл – жылтырап, мақтанып отыратын емес, керісінше, байлығыңды жасыратын заман. Аш адамды тойдырып барып, мақтан. Кейде өзімді сырттан түсіріп алған видеоларды көргенде ұялып, өкінетін сәттерім болады", – деді Тоқтар Серіков.
