Әуе компаниясының мәліметінше, Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты рейстер Пәкістан аумағы арқылы орындалады.
Air Astana Дубайға рейстерді қайта іске қосады
164
оқылды

Air Astana 20 маусымнан бастап Алматы – Дубай – Алматы және 10 шілдеден бастап Астана – Дубай – Астана бағыттары бойынша тұрақты рейстерді кезең-кезеңімен қайта жандандырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әуе компаниясының мәліметінше, Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты рейстер Пәкістан аумағы арқылы орындалады. Бұл шешім жолаушылардың қауіпсіздігі мен әуе қатынасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша рейстердің жиілігі біртіндеп артады. 15–21 маусым аралығында аптасына екі рет (сенбі, жексенбі) ұшатын болса, 6–12 шілдеден бастап күн сайын орындалады.

Астана – Дубай – Астана бағыты бойынша рейстер 10 шілдеде қайта басталады. Алғашқы кезеңде аптасына үш рейс орындалып, 3–9 тамыз аралығында күнделікті рейстерге көшеді.

Сондай-ақ, 31 шілдеге дейінгі рейстерге билеттері қайта брондалған жолаушыларға Алматыдан 20 маусымнан және Астанадан 10 шілдеден бастап Дубайға ұшатын рейстерге тегін қайта брондау мүмкіндігі беріледі.

Air Astana Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Өңірдегі ахуалға байланысты ұшу кестесіне қосымша өзгерістер енгізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда жолаушылар алдын ала хабардар етіледі.