Ұйымдастырушылардың пікірінше, EduAI педагогтердің цифрлық мәдениетін қалыптастыруға, жасанды интеллектті білім беру жүйесіне тиімді енгізуге және Қазақстандағы заманауи білім беру экожүйесін дамытуға серпін береді.
«EduAI: Педагогикалық хакатоны»: үздік 20 педагог Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтеді
132
оқылды

Астанада мұғалімдерге арналған алғашқы республикалық «EduAI: Педагогикалық хакатоны» өтті. Үздік 20 педагог Daryn Ustaz орталығының қаражаты есебінен Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.  

4-5 маусым аралығында өткен ауқымды білім беру алаңына еліміздің барлық өңірінен келген 400-ге жуық педагог қатысты. Хакатонда педагогтер жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу бойынша әдістемелік шешімдерін жоба ретінде ұсынды.

Іс-шараны Daryn Ustaz орталығы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Жоба педагогтердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға, цифрлық білім беру экожүйесін қалыптастыруға және инновациялық шешімдерді білім беру үдерісіне енгізуге бағытталған.

Хакатонға қатысушылар бұған дейін 400 мыңға жуық педагог қамтылған «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» республикалық онлайн курсын аяқтап, үздіктер қатарынан іріктеліп шыққан.

«Бұл конкурсқа дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыруға бағытталған жобамызды ұсындық. Жобамызды барлық талаптарға сай әзірлеуге тырыстық. Қарсыластарымыздың деңгейі де жоғары болды. Әділқазылар алқасының шешімі әділ шықты деп есептейміз. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз», – деді Семей қаласынан келген «Anthropik» командасының жетекшісі Болатхан Асыл Болатханұлы.

Екі күн бойы қатысушылар командаларға бөлініп, оқу процесін жетілдіруге бағытталған инновациялық жобалар әзірледі. Жобалар білім беру контентін жасау, бағалау жүйесін автоматтандыру, жекелендірілген оқыту, цифрлық құзыреттерді дамыту және білім беру менеджментін жетілдіру бағыттарын қамтыды. 

«Daryn Ustaz» орталығының жетекшісі Асқар Мақсат  педагогтердің тағылымдамадан өткізу мәселесіне мән берді.

«Хакатон қорытындысы бойынша үздік 20 педагог тағылымдамадан өту үшін «Daryn Ustaz» орталығы қаражаты есебінен Оңтүстік Кореяға жіберіледі. Бүгінде Оңтүстік Корея жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесіне тиімді енгізген әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі саналады. Сондай-ақ дәл осы елде аталған саладағы ең мықты технологиялық компаниялар шоғырланып отыр. Атап айтқанда, педагогтеріміз капитализациясы 1 миллиард АҚШ долларынан асатын әрі Оңтүстік Корея мектептерінің 98 пайызы пайдаланатын I-Scream Media компаниясының тәжірибесімен танысып, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер орта білім беру жүйесіне нақты қалай енгізіліп жатқанын зерделей алады. Сондай-ақ үздік 4 педагог «Daryndy ustaz» номинациясымен марапатталды», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, EduAI педагогтердің цифрлық мәдениетін қалыптастыруға, жасанды интеллектті білім беру жүйесіне тиімді енгізуге және Қазақстандағы заманауи білім беру экожүйесін дамытуға серпін береді. Хакатонға қатысқан барлық педагог AMANAT партиясы Атқарушы хатшысының және Оқу-ағарту министрінің қолы қойылған сертификатқа ие болды.