Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалы­ғымен өткен бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.
Мәжіліс бюджет туралы есепті қарайды
96
оқылды

Депутаттар Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің және Жо­ғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есеп­терін талқылайды.

Биыл Үкімет есебі алғаш рет жаңа Бюджет кодексінің талап­тарын ескере отырып жасалды. Мәліметтерге сүйенсек, Қазақ­стан экономикасы 2025 жылы 6,5 пайыз деңгейінде жоғары өсім көрсетті, бастапқы болжам 5,6 пайыз деңгейінде болған. Мұн­дай нәтижеге мұнай өндірісінің ұлғаюы, инвестициялық белсен­діліктің жоғарылығы, ішкі сұра­ныстың өсуі, сондай-ақ құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнер­кәсібінің жедел дамуы есебінен қол жеткізілді. Бұл ретте жаһан­дағы алмағайып ахуал мен әлем­дік нарықтың құбылмалылығы сақталып отырғанына, бюджет жүйесін реттеудің жаңа жағдай­ларына бейімдеу қажеттілігіне қарамастан, Үкімет бюджет жү­йе­сінің тұрақтылығын, әлеу­мет­тік міндеттемелердің орын­да­луын қамтамасыз етіп, оң мак­роэконо­микалық серпінді сақтап қалды.

Сондай-ақ күн тәртібінде Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы екі елдің елшіліктерінің мұқтаждықтары үшін Астана қаласы мен Бішкек қаласындағы ғимараттар мен жер учаскелерін, сондай-ақ Төтенше және Өкілетті Елшілердің рези­ден­цияларын өзара өтеусіз пай­да­лануға беру туралы келісімді ра­тификациялау туралы заң жо­­басын қарау ұсынылады. Келі­сім нор­маларында жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті беру тәр­тібі мен шарттары айқын­далады.

Бұған қоса, екінші оқылымда депутаттар «Қазақстан Респуб­ликасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске енгізілген тү­зетулерді және экологиялық мә­селелер бойынша заңнамалық өзгерістерді қарайды.

Кеден кодексіне енгізілген өзгерістер оның нормаларын Еу­разиялық экономикалық одақ­тың 2023 жылғы 25 желтоқсан­дағы Кеден кодексі туралы шарт­қа электрондық сауданы рет­теу бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттамаға сәйкес келтіреді.

Депутаттар бастамашы бол­ған Экология мәселесі бойынша түзетулер саланы цифрланды­ру­ға, көміртекті офсетті регламент­теуге, қалдықтарды басқару жү­йесін жетілдіруге бағытталып отыр. Құжат сонымен қатар Ұлт­тық гидрометеорологиялық қызметті жаңғыртуды, эколо­гия­лық реттеу мен бақылауды жақ­сартуды, басқа да бірқатар түзе­туді көздейді.