Кеше Атырауда Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуы­на мониторинг жүргізу жөніндегі Парламент­­тік комиссияның XII отырысы өтті.
Жайықтың жайын айтты
126
оқылды

Жиында қатысу­­шылар Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орнықты басқару мәселе­лерін талқылады. Сондай-ақ сенаторлар өңір жұртшы­­лығымен және бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандардың еңбек ұжымдарымен кездесті.

Комиссия отырысында өңірдегі су бассейндерінің экологиялық ахуалына қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Сенат Төрағасы ластану деңгейінің артуы, балық қорының азаюы және өңірдің экожүйесіне антропогендік әсердің күшеюі ерекше назар аударуды қажет ете­тінін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі әлдеқашан өңірлік шеңберден шығып, жаһан­дық сипат алғанын әрдайым айтып келеді. Осы сын-қатерді еңсеру үшін Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзір­леуге бастамашы болды. Мемлекет басшысы су мәселері бойынша ха­лықаралық күн тәртібін ілгері­лету мақсатымен Шанхай ынты­мақтастық ұйымы аясында Аста­нада Су проблемаларын талдау ор­талығын құруды да ұсынды. Сондай-ақ БҰҰ-ның мамандан­дырылған агенттігі ретінде Халық­аралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Жайық өзеніне қатысты мәселе де аса өзекті. Бұл түйткіл­дерді бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Оларды шешу үшін ведомствоаралық үйлестіру, ғылы­ми негізделген шешімдер, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган­дардың, сарапшылар қауымдас­ты­ғының, экологиялық қоғамдық ұйымдардың және халықаралық серіктестердің белсенді атсалысуы қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде Каспий теңізіне қатысты мәселеде жүйелі тәсілдің жеткіліксіз екені де айтылды. Жа­йық өзенінің жағалауы мен Маң­ғыстау облысының атырабы ма­ңында теңіз 30-35 шақырымға дейін шегініп, соның салдарынан топырақтың тұздануы, экожүйе­лердің тозуы және балықтардың уылдырық шашу орындарының қысқаруы байқалып отыр. Құра­мында улы шөгінділері бар шаңды дауылдардың туындау қаупі артып отырғанына да мән берілді. Пар­ламенттік комиссияның Төрағасы Каспий теңізі мен Жайық өзенін сақтау мәселесі ұзақмерзімді эко­ло­гиялық қауіпсіздіктің, азамат­тардың өмір сүру сапасының және бүкіл Каспий маңы өңірінің ор­нықты дамуының кепілі екенін тілге тиек етіп, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында мемлекет, ғылым, азаматтық қо­ғам, бизнес және халықаралық серіктестердің алдағы бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді.

Парламенттік комиссияның отырысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Су ре­сурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Атырау облы­сының әкімі Серік Шәпкенов, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Ұлттық экономика министр­лік­терінің өкілдері қатысты.

Іс-шарада БҰҰ Даму бағдарла­масының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, су ресурстарын басқару және климат­тың өзгеру мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы, Орталық Азия су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі плат­форманың үйлестірушісі Болат Есекин, өңір әкімдіктерінің бас­шы­лығы, қоғамдық және халық­аралық ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.

Мемлекеттік органдардың өкіл­дері мен сарапшылар алдағы бірлескен жұмысты ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар мен баста­маларын ортаға салды. Сенат Төра­ғасы олардың іске асырылу барысы қоғамның және барлық мүдделі та­раптың бақылауында болатынын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев өңірдің белсенді жастарымен кездесуде жаңа Конституцияның негізгі қа­ғидаттарына тоқталып, оны мем­лекетті дамытудың және саяси жүйені жан-жақты жаңғыртудың ұзақмерзімді бағытын айқындай­тын стратегиялық құжат деп атады. Палата Спикері елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғыртулар қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын икемді мемлекеттік жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар ол жаңа Ата заңның табысты іске асырылуы жастардың белсенді­лігіне, біліміне және жауапкер­шілігіне де байланысты екеніне тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастама­сымен 15 наурызда республикалық референдум өтті. Нәтижесінде, халық Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Ата заң биылғы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Шын мәнінде, бұл – нағыз Халық Конституциясы. Ол Тәуелсіздік, Мемлекеттілік және азаматтардың құқықтары мен мүдделері ең жо­ғары құндылық саналатын Әділетті Қазақстан құрудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде жүзеге асы­ры­лып жатқан ауқымды реформалар мен жаңартылған институцио­налдық ортаның барлығы өскелең ұрпақтың игілігі үшін жасалып отыр. Жаңа Конституция жастарға зор мүмкіндіктер береді әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Сон­дықтан жас буын осы реформа­лар­дың тарихи маңызын терең түсініп, оны жүзеге асыруға белсенді қа­тысуы қажет», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Әділетті Қа­зақстан құруда жастардың белсенді рөлі ерекше мәнге ие екенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына және ұлттың жаңа келбетін қалыптас­тыратын құндылықтарға назар ау­дарды. Оның айтуынша, бұл ба­ғыттағы басты бағдар – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген «Адал азамат» тұжы­рымдамасы. Аталған тұжырым­дамада еңбекқорлық, адалдық, кәсіби біліктілік, үздіксіз білім алу және отаншылдық әр азамат үшін басты құндылықтар ретінде ай­қындалған.

Сондай-ақ бүгін Сенат депу­таттары «ҚазТурбоРемонт» ЖШС ұжымымен кездесті және мүмкін­дігі шектеулі азаматтарды әлеу­меттік оңалтуға арналған «Алмалы» орта­лығының қызметімен та­нысты.