Кадрларда жәндіктердің купе қабырғасы мен жатын орындарында өріп жүргені көрінеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Желі қолданушылары бейнежазба Астана-Ақтау бағытындағы пойызда түсірілгенін айтқан. Бірақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ бұл жағдай №37 «Маңғыстау – Семей» бағытындағы жолаушылар пойызында тіркелгенін айтты.
Компания мәліметінше, вагонға жоспарлы дезинсекциялық өңдеу 2026 жылғы 30 мамырда жүргізілген. Соған қарамастан, пойыз межелі станцияға жеткеннен кейін қосымша жоспардан тыс санитарлық өңдеу жасалмақ.
Оқиғаға байланысты пойыз бастығы, өндірістік оқыту нұсқаушысы, Маңғыстау учаскесінің басшысы және филиалдың бірқатар жетекші қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ вагонды рейске дайындауға жауапты комиссия мүшелеріне де шара қолданылды.
Қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның орталық аппараты Батыс филиалда жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия жіберген. Компания жолаушылардан кешірім сұрап, санитарлық талаптарды күшейтетінін мәлімдеді.
