Алматының Алмалы ауданында полиция қызметкерлері электрсамокаттарды жалға беру қызметін көрсететін кикшеринг компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиын электрсамокаттарды пайдалану тәртібіне қатысты заңнамадағы өзгерістер қарсаңында ұйымдастырылды.
Кездесуде электрсамокаттардың техникалық қауіпсіздігі, сервистердің сапалы жұмысы және пайдаланушылардың жол қозғалысы ережелері туралы хабардарлығын арттыру мәселелері талқыланды. Полиция өкілдері мобильді қосымшалар арқылы профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан электрсамокаттардың қала өмірінің маңызды бөлігіне айналғанын айтып, жаңа талаптардың басты мақсаты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
