Шымкентте заңсыз импортталған тауық жұмыртқаларының ірі партиясы саудаға жіберілмей, айналымнан алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тексеру барысында қала базарларының бірінен міндетті таңбалауы жоқ және ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз сатылып жатқан 11 850 дана жұмыртқа анықталған. Мамандар өнімді тәркілеп, зертханалық сараптамаға жіберді.
Сараптама қорытындысы жұмыртқалардың қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес келмейтінін көрсетті. Нәтижесінде тәркіленген өнім арнайы комиссияның қатысуымен белгіленген тәртіп бойынша жойылды.
Аталған дерек бойынша құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар уәкілетті органдарға жолданды.
Қазақстан құс өсірушілер одағының мәліметінше, мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыртқа өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау жұмыстары жалғасуда. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы шектеулерге қарамастан, еліміздің бірқатар өңірінде Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды сату фактілері әлі де кездеседі.
Осыған байланысты базарлар мен сауда орындарында бақылау шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
