Қатысушылар жарыс кезінде марафон бағыты бойындағы пластик бөтелке мен өзге де қоқыстарды жинады.
«Жүгіріп жүріп қоқыс жинады»: Astana Half Marathon-да ерекше акция өтті
118
оқылды

Astana Half Marathon жарысы барысында қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында плоггинг өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Плоггинг – жүгіру мен қоқыс жинауды ұштастыратын экологиялық акция. Қатысушылар жарыс кезінде марафон бағыты бойындағы пластик бөтелкелер мен өзге де қоқыстарды жинады.

«Мұндай акциялар қаланың тазалығын сақтауға ғана емес, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді. Марафон барысында көптеген қатысушы мен қала тұрғындары бастаманы белсенді қолдап, акцияға қосылуға тырысты», – деді қатысушылардың бірі.

Сонымен қатар Astana Half Marathon аясында қоқыстарды бөлек жинауға арналған арнайы пунктер, пластикті қайта өңдеу аймақтары және «Таза Қазақстан» акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.

Astana Half Marathon жартылай марафоны аясында саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр.

Жартылай марафон бағыты бойындағы тамақтану орындарында пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды бөлек жинауға арналған тоғыз арнайы қабылдау пункті ұйымдастырылды. Оның сегізі жарыс бағыты бойында орналасса, тағы бірі старт-мәре қалашығында жұмыс істейді.

Сонымен қатар Econetwork ұйымымен бірлесіп, старт-мәре аймағында арнайы жасыл алаң ұйымдастырылды. Онда жарысқа қатысушылар мен қонақтар үшін экологиялық шеберлік сабақтары мен интерактивті іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Алаңда пластикті қайта өңдеуге арналған велошредерлер мен экструдерлер де орнатылған.

Соның арқасында қонақтар мен қатысушылар заманауи экологиялық технологиялардың жұмысымен танысып, табиғатты қорғау ісін қызықты әрі пайдалы интерактивке айналдыра алады.

Қонақтар мен жүгірушілер үшін қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жауапкершілік мәселелеріне назар аударатын арнайы интерактивті экологиялық ойын әзірленген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафон барысында жиналған барлық қоқыс қайта өңдеуге жіберіледі.

Елордада дәстүрлі Astana Half Marathon жарысы өтті. Жарыс аясында құрамына 40-қа жуық адам кірген Funduk Team инклюзивті командасының 10 экипажы стартқа шықты.

Әр экипаж бір штурманнан – инклюзивті қатысушы және оған қашықтықты еңсеруге көмектескен үш пилоттан тұрды.

Мұндай бастамалар инклюзивті ортаны дамытуға және қалалық кеңістіктің барлық тұрғын үшін қолжетімді әрі жайлы ету қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді.

«Мен үшін мұндай марафонға қатысу – ең алдымен ірі спорттық оқиғаның атмосферасын сезініп, осы іс-шараның бір бөлігіне айналу мүмкіндігі. Көрермендердің қолдауын сезіну және осындай іс-шаралардың барлық қатысушы үшін барған сайын қолжетімді болып келе жатқанын көру қуантады», – деді жарысқа қатысушылардың бірі.

Айта кетейік, биылғы Astana Half Marathon жарысы әлемнің 30-дан астам елінен келген шамамен 7000 қатысушының басын қосады. Марафон бағыты елорданың негізгі көшелері мен көрікті орындарын қамтыды.

Іс-шара бағдарламасында 21,1 шақырым, 10 шақырым, скандинавиялық жүріс және «Экиден» командалық эстафетасы бойынша жарыстар өтті.