Әлеуметтік желіде қаралым жинау мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзған екі астаналық әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында елордадағы саябақтардың бірінің қоғамдық дәретханасында түсірілген бейнежазбаны анықтаған.
Тексеру нәтижесінде бейнероликтің авторы мен оған қатысқан азаматтардың 20 және 22 жастағы қала тұрғындары екені белгілі болды.
Полицияның мәліметінше, жастар әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, қаралым жинау үшін дәретхана кабинасындағы әйнектің күңгірттендіру функциясын әдейі қоспаған.
Аталған факті бойынша екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Полиция интернеттегі танымалдыққа ұмтылу қоғамдық тәртіпті бұзуға себеп болмауы тиіс екенін еске салып, азаматтарды қоғамдық орындарда да, онлайн кеңістікте де әдеп нормаларын сақтауға шақырды.
