Түркістан облысы Мақтаарал ауданының түлегі Нұрәлі Медина Бектұрсынқызы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан 80-нен астам ұсыныс алып, білімінің жоғары деңгейін дәлелдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Дарынды талапкерге АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропаның беделді университеттері оқу мен гранттық мүмкіндіктер ұсынған. Халықаралық оқу орындары оның академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қасиеттерін және қоғамдық белсенділігін жоғары бағалаған.
Нұрәлі Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарына түсуге қажетті дайындық деңгейін көрсетті.
Мектеп жылдарында ол үздік оқушылар қатарынан көрініп, ғылыми, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысты. Сонымен қатар ағылшын тілі пәнінен «Жасанды интеллект – ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленіп, республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанды.
Қазіргі таңда талапкер өзіне ұсынылған көптеген мүмкіндік ішінен Оңтүстік Кореядағы Inha University университетін таңдауға ниет білдіріп отыр. Ол халықаралық деңгейде сапалы білім алып, болашақта жинаған тәжірибесі мен білімін ел игілігіне жұмсауды мақсат етеді.
