Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Чернобыль атом электр станциясы маңындағы ядролық инфрақұрылым нысанына соққы жасағанын мәлімдеді. Украина тарапының дерегінше, шабуыл салдарынан пайдаланылған ядролық отынды қабылдау ғимараты зақымданған.
Зеленский бұл шабуылды «өте опасыз соққы» деп бағалап, Ресейдің ядролық инфрақұрылым нысанын әдейі нысанаға алғанын айтты. Оның сөзінше, қазір радиациялық фон бойынша шектен асу тіркелмеген.
Украинаның «Энергоатом» компаниясы зақымданған ғимаратта шабуыл кезінде пайдаланылған ядролық отын болмағанын хабарлады. Өрт сөндіріліп, зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Зеленскийдің айтуынша, 7 маусымға қараған түні Ресей Украинадағы 13 облыста азаматтық нысандарға соққы жасаған. Украина билігі бұл оқиға туралы халықаралық серіктестерге ақпарат беріп жатқанын мәлімдеді.
