Елорда тұрғындарының LRТ-ға деген қызығушылығының артуына байланысты Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері стансаларда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Ұландықтар қоғамдық тәртіпті қадағалауға, қауіпсіздік ережелерінің сақталуына, жолаушылар қозғалысын реттеуге көмектеседі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Стансалардағы тұрақтылықты үйлестіру қажеттілігі жолаушылар ағынының және астаналықтардың жаңа көлік объектісіне деген сұранысының артуына байланысты туындап отыр.
Қоғамдық тәртіп әскерінің сарбаздары стансалардың ішінде ғана емес, оған іргелес аумақтарда да қызмет атқарады. Дәлірек айтсақ, азаматтарға көмек көрсетеді және жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.

Негізгі міндет — елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қоғамдық құқықбұзушылықтардың алдын алу. Азаматтардың қауіпсіздігіне және төтенше жағдайларға жол бермеуге ерекше назар аударылады.

Аталмыш шаралар полиция қызметкерлерімен, көлік қызметтерінің өкілдерімен және LRT әкімшілігімен тығыз бірлесіп ұйымдастырылған.
