Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша 16 жастағы жасөспірім қамауға алынды. Ол өз ағасының өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.
Қайғылы жағдай қоғамда қызу талқылануда. Бір ұлынан айырылған отбасы енді екінші перзентінің тағдырына алаңдап отыр. Марқұмның туыстары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін сұрайды.
«Бір баламнан айырылып отырмын. Енді екінші баламның мойнына қылмысты іліп жібере ме деп қорқамыз», – дейді марқұмның әкесі.
Ал анасының айтуынша, ұлының мұндай қылмыс жасауы мүмкін емес.
«Соңғы рет көргенімде денесінде көгерген іздерді байқадым. Мұны бір адамның жасауы мүмкін емес деп ойлаймын», – дейді ол.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Еске салайық, бұған дейін Жаңақорған ауданында 20 жастағы жігіттің мәйіті көрпеге оралған күйде үйінің маңындағы кәріз құдығынан табылған еді.
