FlyArystan әуекомпаниясы домбыраны ұшақ бортында тасымалдауға қатысты қолданыстағы ережелерді түсіндірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әуекомпаниясының ресми мәлімдемесіне сәйкес, тасымалдау тәртібі аспаптың салмағы мен өлшеміне байланысты анықталады.
– FlyArystan домбыра ұлттық аспабына құрметпен қарайды және әуекомпанияның қолданыстағы ережелеріне сәйкес музыкалық аспаптарды әуе кемесінің бортында тасымалдауға рұқсат етеді. Тасымалдау тәртібі аспаптың салмағы мен өлшеміне байланысты анықталады.
Егер музыкалық аспап салмағы 7 келіден, ал өлшемдері қаптамасымен бірге 56×23×36 см-ден аспаса, оны тегін негізгі қолжүк ретінде алып өтуге болады. Бұл жағдайда жолаушы бір дана қолжүгі қағидасы сақталады.
Егер жолаушы аспаппен қатар басқа да жеке заттарын алып өтуді жоспарласа, музыкалық аспапты қосымша қолжүк ретінде рәсімдей алады. Бұл жағдайда аспаптың салмағы 7 келіден аспауы, ал өлшемдері қаптамасымен бірге 56×23×36 см шегінде болуы тиіс. Қызмет құны 5 000 теңгені құрайды, – делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ жолаушыларға домбыраны жеке жолаушы орнында немесе тіркелген жолжүк ретінде тасымалдау мүмкіндігі ұсынылады. Аталған қызметтерге қосымша ақы төлеу қажет. Бұл талаптар барлық музыкалық аспап түріне бірдей қолданылады.
Бұған дейін Aikyn.kz сайты дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман FlyArystan әуе компаниясының домбыраны алып жүруге қатысты талаптарын сынға алғаны жөнінде жазған еді.
