Алдын ала есеп бойынша, жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын 1 миллионнан астам айыппұл есептен шығарылады.
Қазақстанда 500 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалады
140
оқылды

Парламент Мәжілісінің отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық жасау мәселесіне қатысты түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, әкімшілік рақымшылық 500 мыңнан астам азаматты қамтиды. Алдын ала есеп бойынша, жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын 1 миллионнан астам айыппұл есептен шығарылады.

«Әкімшілік рақымшылық есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарға, сот шешімдерін орындамауға, қайталанатын құқық бұзушылықтарға, жол қозғалысы ережелерін бұзуға, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге қолданылмайды. Ішкі істер министрлігіне қатысты айтар болсақ, төленбеген айыппұлдары есептен шығарылатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға байланысты емес құқық бұзушылықтар болып табылады», – деді Санжар Әділов.

Сондай-ақ Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов биыл «Таза парақ» тұжырымдамасы аясында микро және шағын бизнес субъектілерінің берешектерін реттеу бойынша науқан жүргізілгенін еске салды.

Оның мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 17 мың микро және шағын бизнес субъектісі аталған бағдарламаны пайдаланып, шамамен 13 миллиард теңге көлеміндегі негізгі салық берешегін өтеген. Соның нәтижесінде шамамен 300 миллион теңге көлеміндегі айыппұлдар есептен шығарылған.

«Сонымен қатар бұл науқан тағы 2370-ке жуық бизнес субъектісіне қатысты бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Дегенмен рақымшылық мемлекеттік сатып алуларға қатысты құқық бұзушылықтарды және салық салынатын объектілерді әдейі жасыру фактілерін қамтымайды», – деді Ержан Біржанов.