2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, Қазақстанда 131 мыңнан астам азамат мемлекеттік жұмыспен қамту шараларымен қамтылды.
Жыл басынан бері елімізде қанша адам жұмысқа орналасқаны белгілі болды
206
оқылды

Ал жыл басынан бергі бес ай ішінде 200,4 мың адам ресми түрде жұмысқа орналасты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әрбір жұмысқа орналасу фактісі міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы арқылы расталады.

Жұмысқа орналасқан азаматтардың 69,9 мыңы жұмысты өз бетінше Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы тапқан. Тағы 69,8 мың адам мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналастырылса, 55,7 мың адам «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында еңбекке тартылған. Сонымен қатар 5 мың адам орталық мемлекеттік органдар жүзеге асыратын жобаларға қатысқан.

Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілген 69,8 мың адамның 49,6 мыңы қоғамдық жұмыстарға, ал 8,2 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан.

Нысаналы топтарды қолдау бағдарламалары да жалғасуда. «Күміс жас» жобасы арқылы 7,1 мың адам жұмысқа орналасса, 4,9 мың түлек жастар тәжірибесіне жіберілген.

Еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды қайта даярлау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 37,5 мың жұмыссыз азамат онлайн курстардан өтіп, олардың 29,3 мыңы сертификат алған. Сонымен қатар 170,6 мың адам мансап орталықтарында кәсіби бағдарлау және кеңес беру қызметтерін пайдаланған.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 21 мың адам оқытылып, олардың жартысына жуығы курсты сәтті аяқтаған.

Биыл әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыруы үшін 9 мың мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. Бір гранттың мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 1 миллион 732 мың теңгені құрайды.

Министрлік жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде жалғасатынын мәлімдеді.