Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына байланысты бірқатар тапсырма берген-ді. Ол: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет. «Таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл – қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз. Сонымен қатар бұл – ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысы Әділетті Қазақстанның болмысына, тіпті оның тұтас идеологиясына айналуы керек», – деді. Сөйтіп, биыл 15 наурызда жалұлттық референдум арқылы қабылданған жаңа Ата заңның басты ұстанымдарын еске салды.
Ал 1 шілдеден бастап күшіне енетін Конституцияның преамбуласы «Біз Қазақстан халқы...» деп басталып, «... табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз», – деп аяқталады. Конституцияның 37-бабы тұтастай қоршаған ортаны қорғауға арналған. Ол баптың бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті», – делінсе, екінші тармағында: «Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді», – деп көрсетілген. Яғни, мемлекеттің табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға айрықша назар аударатынын Ата заң арқылы шегендедік. Осылайша, «Таза Қазақстан», «Адал адам» тәрізді тұжырымдамалар Әділетті Қазақстанның идеологиялық ұстынына айналып келе жатқанын паш ететін құқықтық іргетас жасадық.
Негізі, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы тек қоршаған ортаны таза ұстаумен, аялаумен өлшенбесе керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл сәуірде «таза» сөзінің мәнін тағы да кеңінен тарқатқаны бар.
«Халқымыз ежелден «тазалық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам туралы айтқан кезде «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» адам деп сипаттаған. Бабаларымыз әрдайым табиғатпен етене байланыста өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп санаған. «Обал болады» деп, жас ұрпақты табиғатқа ешқандай зиян келтірмеуге үйреткен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жер-Анаға жанашыр жүрекпен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды», – деген еді Президент.
Ал бұрынғылар тазалықтың алдымен адам жанынан басталатынын көп айтыпты. Әрі «таза» ұғымының мәні де кең, көкейге салар ойы да көп. Қазақта «Ары таза жігіттің – жаны таза» деген мақал бар. Асан қайғы «таза, мінсіз асыл сөз» деп айтар ойдың да кемел, жүрекке жетер үлгісі болатынын еске салады. Ал Махмұд Қашқари өзінің «Диуани лұғат ат-түрк» атты еңбегінде «таза» сөзінің тікелей мағынасын беретін «арығ», «сұлудың» көне нұсқасы болып есептелетін «ару/аруғ», адалдықты сипаттайтын «түз/түзу», мінсіздікті меңзейтін «тенг» дейтін атауларды жазып кетіпті. Барлығы да «таза» ұғымының аясы қоршаған ортаны аялаудан әлдеқайда кең екенін аңғартып тұр.
Демек, Президент атап өткендей, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын қоғамда қоршаған ортаны қорғауды ғана көздемей, ниет пен іс-әрекеттің адалдығын қалыптастыратын бастама деп бағалаймыз.
Ниеті таза азамат бүгінгі қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықтан бойын аулақ ұстайды, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды. Барды «бар», жоқты «жоқ» дей алады. Мемлекеттің өз халқының әл-аухаты мен тұрмысын жақсартуға, ұрпаққа дамыған, тәртіпті, заң үстемдігі орнаған қоғам қалдыру жолында барын салады. Бұл тұрғыдан қарастырғанда «Таза Қазақстан» қағидаты «Адал азамат», «Заң және тәртіп» тұжырымдамаларымен бірге тұтас құндылықтар жүйесін қалыптастырып келеді. Сондықтан қоғамның бұл бастамалардың астарына терең үңіле білгені керек.
Бүгінде «Таза Қазақстан» бастамасы көптеген игі істерге ұйытқы болып келеді. Акция басталғаннан бергі екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық ағаш егілген. Жыл сайын акцияға 6,5 миллион адам қатысады. Алты жарым миллион адам дегеніңіз ел халқының үштен бірі болса, еңбекке жарамды азаматтардың тең жартысынан асатын көрсеткіш. Сонымен қатар бұл тұжырымдама волонтерлер желісінің жетілуіне айрықша ықпал етті. Акция аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға жыл сайын 800 мыңға жуық волонтер қатысады. Ал волонтерлердің тек экологиялық акциялармен шектелмей, қайырымдылық, қамқорлық бағытында тер төгетіні баршаға аян. Саны мол, сапасы да жақсарып келе жатқан волонтерлер қауымы – білім культін, кітап оқу мәдениетін де жетілдіретін, дәстүрге айналдыратын күш. Әрі олардың көбі – жастар. Демек, келесі ұрпақтың сапасы да бүгінгіден біршама жоғары болады-ау деп болжауға болады. Оған Президенттің бастамалары іргетас қалап жатыр.
Амангелді ҚҰРМЕТ
