Спикердің айтуынша, интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін АНТИФРОД жүйесі енгізілді.
Алаяқтардан қорғану үшін не істеу керек?
Фото: istockphoto.com
145
оқылды

Елордада интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Желіде кең таралған алаяқтық схемалары мен олардан сақтану жолдары туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Азат Тастанов мәлім етті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Спикердің айтуынша, интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін АНТИФРОД жүйесі енгізілді. 

«Аталған жүйе банктер мен өзге де ұйымдар тарапынан күмәнді қаржылық операцияларды анықтау және азаматтардың қаражатын қорғау үшін қолданылады. Алаяқтық белгілері анықталған жағдайда жүйе күмән тудыратын ақша аударымдарына уақытша бұғаттауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері Астанада АНТИФРОД жүйесі арқылы қылмыстық схемаларға қолдынылуы мүмкін 19 600 есепшотқа бұғаттау қойылған. Бұрын алаяқтар көбіне өздерін банк, полиция немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырса, бүгінде олардың әдістері күрделене бастаған. Азаматтарды алдау үшін қылмыскерлер жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, бейнеқоңыраулар арқылы сөйлеседі, жалған фотосуреттер жасайды, жақын туыстардың, достардың немесе әріптестердің дауыстарын айнытпай салып хабарласады. Алаяқтардың басты мақсаты – азаматтардың жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын қолға түсіріп, ақшасын заңсыз иемдену», – дейді прокурор. 

Оның айтуынша, интернет алаяқтықтың бір мысалы WhatsApp мессенджері арқылы жасалған. Белгісіз тұлғалар елорда тұрғынымен бейнебайланысқа шығып, өздерін Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар азаматқа банктегі депозит қаражатын қорғауды сылтау етіп, кейіннен «қауіпсіздіктік қамтамасыз ету үшін» қаражатын банктен шешіп алып, курьерге беруге көндірген. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстарын Астана қаласы Полиция департаментінің Алматы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. 

Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Цифрлық қауіптердің өсуіне байланысты жеке деректер мен қаржыны қорғауға ерекше көңіл бөлген жөн. 

Киберқауіпсіздік мамандары азаматтарға мынадай қарапайым, бірақ тиімді шараларды ұсынады. Біріншіден, аппараттық қауіпсіздік кілттерін пайдаланыңыз. Мұндай құрылғылар USB немесе NFC арқылы қосылып, аккаунттарға қосымша қорғаныс қызметін атқарады. 

Алаяқтар сіздің құпия сөзіңізді білгеннің өзінде, физикалық кілтсіз аккаунтыңызға кіре алмайды. Екіншіден, Passkeys технологиясын қолданыңыз. Ол парольдің орнына биометриялық деректер немесе сенімді құрылғы арқылы аккаунттарға кіруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл фишингтік шабуылдардың қаупін айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ жақындарыңызбен алдын ала құпия код сөзін келісіп алу. Бұл алаяқтар жасанды интеллект арқылы адамның дауысын салып сөйлескен жағдайда оның шынымен жақыныңыз екенін тексеруге көмектеседі. 

«Тағы бір маңызды шара – барлық аккаунтыңызды бір ғана электрондық поштаға байланыстырмау. Әртүрлі мақсаттарға арналған бөлек электрондық пошта пайдалану қауіпсіздікті арттырады. Сонымен қатар өзіңіздің цифрлық ізіңізді азайту керек. Интернетте жеке ақпаратыңыздың қолжетімділігі неғұрлым аз болса, алаяқтардың оны өз схемаларында пайдалану мүмкіндігі соғұрлым төмен болады. Дегенмен қорғанудың ең тиімді құралы – қырағылық. Бөтен адамдарға пароль мен растау кодын айтпаңыз, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбей, ақпараттың дұрыстығын тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз. Цифрлық қауіпсіздікке жауапты қарау жеке деректеріңіз бен қаржыңызды қорғауға көмектеседі», – деп Азат Тастанов сөзін қорытындылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.