Министр орынбасарының сөзінше, қылмыстық іс материалдарының бір бөлігі мен сараптама қорытындылары халықаралық тергеу тапсырмасы аясында Қытай Халық Республикасына жолданған.
Ақнәр Гүлстан ісі: Әзірге ешкім күдікті деп танылған жоқ
173
оқылды

Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, қоғамда үлкен резонанс тудырған Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты қылмыстық істі қазіргі уақытта ІІМ Тергеу департаменті қарап жатыр.

«Сараптама нәтижелері мен бірқатар материал Қытай тарапына жіберілді. Қазіргі уақытта әріптестерімізден жауап күтіп отырмыз. Осы қылмыстық іс бойынша әзірге ешкім күдікті деп танылған жоқ», – деді Санжар Әділов.

Министр орынбасарының сөзінше, қылмыстық іс материалдарының бір бөлігі мен сараптама қорытындылары халықаралық тергеу тапсырмасы аясында Қытай Халық Республикасына жолданған. Бұған Ақнәр Гүлстанның бұрын Қытайда оқып, тұрғаны себеп болған.

Еске салсақ, Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты тергеу екі жылға жуық уақыттан бері жалғасып келеді. Бұған дейін марқұмның анасы Мемлекет басшысына үндеу жасап, Алматыдағы құқық қорғау органдарының жұмысына сенімсіздік білдірген болатын.

Сондай-ақ ол істі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша тергеуді талап етіп, қызы қайтыс болған сәтте жанында болған екі құрбысын жауапкершілікке тарту мәселесін көтерген.