Ауруханаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.
Қызылордадағы аудандық аурухана заңсыз табыс тапқан
фото: www.istockphoto.com
131
оқылды

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасының ауызсу беру және су бұру жүйесін пайдалану қызметіне жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кәсіпорын тіркелімге енгізу туралы өтінішпен департаментке жүгінбеген.

— Атап айтқанда, табиғи монополия саласына тиесілі қызмет көрсеткен. Тұтынушылардан сумен жабдықтау қызметі үшін 6,5 млн теңге көлемінде және су бұру қызметі үшін 1,2 млн теңге көлемінде кіріс түсірген. Табиғи монополиялар туралы заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың уәкілетті орган қалыптастыратын тізімі табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі болып есептеледі. Тіркелімге енбеген тұлғалар реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсына алмайды. Кәсіпорын заңның 11-бабының талаптарын сақтамаған.

Нәтижесінде әкімшілік іс қозғалып, заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Қызылорда қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен аурухана әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Құқық бұзу арқылы алынған 1,2 млн теңге кіріс сомасы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, — делінген хабарламада.

Қазіргі кезде айыппұл толық көлемде өндірілді.