Іс-шара ШЫҰ қызметінің негізгі қорытындыларын, қазіргі заманғы сын-қатерлерді және ұйымның географиясы мен ынтымақтастық күн тәртібінің кеңеюі жағдайындағы одан әрі даму перспективаларын талқылауға арналды.
Президенттік орталықта ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған сарапшылық кездесу өтті
164
оқылды

ҚР ПІБ Президенттік орталығында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 25 жылдығы аясында «Шанхай ынтымақтастық ұйымы: 25 жылдағы эволюциясы мен трансформациясы» тақырыбында сарапшылық кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сарапшылық кездесуге мемлекеттік органдардың, талдау ұйымдарының өкілдері, халықаралық қатынастар саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар, магистранттар, докторанттар және қазақстандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатарынан 70-ке жуық адам қатысты.

«Бүгінде әлем тұрақсыздық пен белгісіздік кезеңін бастан өткеріп отыр. Халықаралық қатынастардың жетекші субъектілері арасындағы сенім дағдарысы тереңдеп, халықаралық құқықтың іргелі қағидаттары әлсіреуде. Қарулану жарысы мен ауқымды әскери қақтығыстар күшейіп, гибридтік, сауда және киберсоғыстар белсенді сипат алуда, терроризм қаупі артып келеді. Заманауи сын-қатерлердің көпқырлы сипаты халықаралық қауымдастықты орнықты дамуды қамтамасыз ету, жаһандық қауіпсіздік пен әділеттілікті нығайту, келер ұрпақтың игілігі жолында ортақ шешімдер іздеуге және оларды бірлесіп іске асыруға міндеттеп отыр. Осындай жағдайда мемлекетаралық және халықаралық ынтымақтастықтың көпжақты тетіктеріне ерекше үміт артылуда. Бұл қатарда, сөзсіз, 15 маусым күні өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының орны айрықша. Ұйымның ширек ғасырлық даму жолына көз жүгіртсек, оның саяси күн тәртібінің түбегейлі өзгергенін байқаймыз. Қазіргі таңда ШЫҰ қызметіндегі басым бағыттардың бірі – жаңғырып келе жатқан Ұлы Жібек жолы кеңістігіндегі экономикалық ынтымақтастықты дамыту. Қазақстанның 2023-2024 жылдардағы төрағалығы кезеңінде энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы қабылданып, экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары бекітілді, сондай-ақ инвестициялар жөніндегі Арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Қазақстанның соңғы бастамаларының бірі – Астана халықаралық қаржы орталығы жанынан ШЫҰ кеңсесін құру. Бұл бастама ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Инвесторлар қауымдастығын құруға негіз болып, оның қызметінің іргетасын қалады», – деді өз сөзінде Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

«Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі ретінде ұйымды дамыту үдерістеріне әрдайым белсенді қатысып келеді. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде ШЫҰ қызметін жетілдіруге, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды бастамалар ұсынылды. Бүгінде ұйым бірлескен шешімдер әзірлеуге арналған тиімді алаңға айналды. Оның одан әрі дамуы өзара іс-қимыл тетіктерін жаңғыртумен, сарапшылық диалогты кеңейтумен және жаңа идеялар мен тәсілдерді қалыптастыруға ғылыми қауымдастықты белсенді тартумен тікелей байланысты», – деп атап өтті ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев.

Өз пікірін ҚР СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының ШЫҰ қызметі мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев білдірді. Ол бүгінде ШЫҰ халықаралық және өңірлік істерде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ұйым Еуразия аумағының 60 пайыздан астамын және әлем халқының жартысына жуығын қамтитын мемлекеттерді біріктіреді. Оның айтуынша, ұйымның институционалдық дамуы, өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру және 2024 жылғы Астана саммитінде бастау алған бастамаларды іске асыру айрықша маңызға ие.

«25 жыл ішінде ШЫҰ Еуразия кеңістігіндегі негізгі көпжақты алаңдардың біріне айналып, бүгінде он мүше мемлекетті біріктіріп отыр. 2025-2026 жылдары Қырғыз Республикасы ұйымға төрағалық етуде. 2026 жылдың мамыр айында Бішкекте Қырғыз Республикасы Президентіне қарасты Ұлттық стратегиялық бастамалар институты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сараптамалық орталықтарының форумын өткізіп, оған ұйымға мүше барлық он елдің сарапшылары қатысты», – деді Қырғыз Республикасы президентіне қарасты Ұлттық стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Тимур Абылаев.

Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы ШЫҰ зерттеу орталығының директоры Ли Лифаньның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы өңірдегі тату көршілік, өзара сенім және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

«2001 жылы Қытай көршілес елдермен бірге ШЫҰ-ны құрды. Біз достық, сенім және ортақ игілік қағидаттарын таңдадық. Бұл қағидаттар бізге ұзақ жылдар бойы табысты ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді. Бүгінде біз қауіпсіздікті нығайтып, экономиканы дамытып, жастарды қолдап және қиын кезеңдерде бір-бірімізге көмек көрсетіп келеміз. Болашақта Қытай ШЫҰ елдерімен тығыз ынтымақтастықты жалғастыра береді. Біз жаңа жобаларды жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңіріміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға ықпал етеміз», – деп атап өтті қытайлық сарапшы.

Сонымен қатар іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Тәженов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Дәурен Әбен, Өзбекстан Республикасы президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының орынбасары Бахтиер Мұстафаев, Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институтының ғылыми жетекшісі, ШЫҰ Ұлттық зерттеулер орталығы кеңесінің төрағасы Александр Лукин және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанар Медеубаева сараптамалық баяндамалар жасады.

Пікірталас барысында қатысушылар ШЫҰ-ның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы, көлік-логистикалық байланыстарды нығайтудағы және Еуразия кеңістігіндегі гуманитарлық байланыстарды кеңейтудегі рөлін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша, ШЫҰ аясындағы көпжақты өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіруге, сарапшылық диалогты нығайтуға және қазіргі халықаралық сын-қатерлер жағдайында ұйым қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленді.

Бұдан бөлек, сарапшылық кездесу аясында Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған қор көрмесі ашылып, онда 40-тан астам экспонат ұсынылды.