Бүгін Астанада өтіп жатқан «AMANAT» партиясының кезекті XXVI съезінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов партияның алдағы саяси міндеттері мен елдегі реформалардың маңызына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, съезде қабылданып жатқан шешімдер қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылып жатыр және олардың басты мәні – елдегі прогрессивті саяси күштердің ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуі.
«Басты назарды рәсімдерге емес, оның мазмұнына аударуымыз керек. Бүгінде әртүрлі саяси күштер бір мақсатқа, бір идеяға және ортақ құндылықтарға жұмылып, Әділетті Қазақстанды құру жолында күш біріктіріп отыр. Мұның негізгі мағынасы осы», – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов «AMANAT» партиясы қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың мүддесін біріктіретін саяси ұйым екенін атап өтті.
«AMANAT» – бұл жүз мыңдаған мұғалім, мыңдаған дәрігер, шахтер, металлург және ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген қарапайым азаматтар. Бүгін сол азаматтардың ортақ ұстанымы мен мақсаты көрініс тауып отыр, – деді ол.
Мәжіліс депутатының пікірінше, съезде қабылданған шешімдер Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.
«Елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өзгерістердің барлығы өзара сабақтас әрі ортақ мақсатқа бағытталған. Сондықтан бүгінгі съездегі шешімдерді маңызды әрі тарихи қадам деп бағалауға болады», – деді Асхат Аймағамбетов.
