Мемлекет басшысы Астананың мәртебесі туралы заңға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Елорда тұрғындарын алаңдатқан мәселелердің бірі қаладағы көл аумағының болашағы еді. Жаңа шешімге сәйкес, көлдің екі учаскесі су айдыны ретінде сақталады. Аталған аумақта құрылыс жүргізілмейді, табиғи флора мен фаунаға зиян келтірілмейді. Қажетті құжаттар әзірленіп қойған.
Қазіргі уақытта тұрғын үйлерге жақын орналасқан жағалау бөлігін бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Урбанистика орталығы бөлімінің басшысы Бақтияр Бекеновтің айтуынша, шілде айынан бастап Құрылыс кодексі күшіне енеді. Құжатта алғаш рет «дизайн код» ұғымы енгізіліп, оған заңдық мәртебе беріледі.
«Бұл бізге жобалаушы ретінде құрылыс компаниялары мен бизнес өкілдерінен бас жоспар талаптарын сақтауды талап етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде қаланың сәулеттік келбеті жақсарып, оның бірегей бейнесі қалыптасады. Сондай-ақ дизайнерлік шешімдерге қатысты түсініспеушіліктер азаяды», – деді Бақтияр Бекенов.
