Палата Спикері жас мамандарды құттықтай келе, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды жаңғыру үдерістері жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Кешенді жұмыстың дәйекті жалғасы ретінде конституциялық реформа жүргізіліп, жаңа Конституция қабылданды. Бұл – Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға, мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығының берік негізі және жаһандық сын-қатерлерге уақытылы берілген жауап.
Сондай-ақ елді жаңғырту және саяси жүйені кешенді түрде реформалау жолында заңнамалық бастамаларды қамтамасыз етумен қатар, білікті әрі жауапты мамандардың да рөлі ерекше екеніне баса мән берілді. Жаһандық технологиялық және әлеуметтік трансформациялар дәуірінде жаңғыру миссиясы негізінен жас буынға жүктеледі. Сондықтан Мәулен Әшімбаев еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірінің дипломы – жоғары білім алғанын растайтын құжат қана емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін айтты.
Сенат Төрағасы өз сөзінде NU университеті отандық ғылымды, инновацияларды және адам капиталын дамыту жолында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ ол университет өзінің басты миссиясын нәтижелі жүзеге асырып келе жатқанына назар аударып, аталған оқу орны Қазақстанда озық зерттеу мәдениетін қалыптастыруға, заманауи академиялық стандарттарды енгізуге және еліміздің жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға үлкен ықпалын тигізіп отырғанын тілге тиек етті.
Салтанатты рәсім барысында Мәулен Әшімбаев жас мамандарға өмірлік бағдар болатын маңызды бағыттарға да тоқталып өтті. Бұл орайда Сенат Төрағасы кәсіби біліктілік, дұрыс құндылықтар және үздіксіз өзін-өзі жетілдіру табысты мансаптың негізі екенін айтты.
