Қазір шетелдік нөмірлі көліктердің ортақ проблемасы – сақтандыру мен машинаны тіркеу жайы екені белгілі. Күшейтілген рейд кезінде қомақты айыппұлға іліккен көлік жүргізушілері шетелдік машиналарды қазақстандық тіркеуге қою қымбат екенін айтып шағымданған болатын.
Бейресми деректерге сенсек, қазір бір ғана Атырау облысында 5000-нан астам шетелдік көлік бар. Олардың көпшілігі Грузия мен Арменияда тіркелген. Атыраулықтардың көпшілігі шетелдік машинаны сенімхат арқылы тізгіндеп жүр.
«Қазақстандағы көлік бағасы қарапайым адам үшін қолжетімді емес. Банктен несие алсаң, үстеме ақысы көп. Сондықтан көп адам Грузия немесе Армениядан көлік әкелуге қызығады. Бағасы да арзан, жағдайы да жақсы көрінеді. Сондықтан мемлекет біз сияқты қарапайым азаматтардың жағдайына қарап, тіркеу мен сақтандыру ақысын еселеп жеңілдетсе, заңды бұзбай өз жөнімізбен жүре береміз», – дейді жүргізуші Ерлан Тасболатов.
Алайда дәл қазір шетелден алып келетін арзан көлік тиімді шешім болмай отыр. Өйткені мұндай көліктердің заңдық мәртебесі, сақтандыру рәсімдері және тіркеу мәселелерінің соңы үлкен қиындықтарға алып келуде.
«Қазақстанның заңнамасы бойынша, міндетті автосақтандыру жүйесі – көліктің мемлекеттік дерекқорда тұрақты тіркелуіне негізделген. Ал уақытша тіркелген көліктер бұл жүйеге толық енгізілмейді. Қалай десек те, мұндай көліктердің тәуекелі жоғары. Өйткені жол апаты болған жағдайда көліктің нақты иесін анықтау, материалдық шығынды өндіру немесе құқықтық жауапкершілік жүктеу қиындық тудыруы мүмкін», – дейді Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөзхатшысы Мейірім Ердәулет.
Кедендік әкімшілік басқармасының бөлім басшысы Рүстем Жайлашевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін мемлекеттерден әкелінген көліктер міндетті түрде кедендік ресімдеуден өтуге тиіс.
«Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстаннан әкелінген автокөлік құралдары үшін кедендік ресімдеу талап етілмейді. Өйткені бұл мемлекеттер Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі саналады», – дейді Рүстем Жайлашев.
Заңгерлердің пікірінше, бұл мәселе тек әкімшілік бақылаумен шектелмейді. Мұндай жағдайда жол апатынан зардап шеккен азаматтардың құқығын қорғау да күрделене түседі. Атырау облысы бойынша Полиция департаментінен білгеніміздей, жыл басынан бері Атырауда шетелдік көліктерге 12 мыңнан астам айыппұл салынған.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы
