Жетісу облысының Талдықорған қаласында үш жасар қызын аяусыз соққыға жыққан әкеге қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сот мәліметінше, ер адамға дәрменсіз немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты азаптау және ұрып-соғу баптары бойынша айып тағылған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Бірақ сот қылмыстың мас күйінде жасалғанын жазаны ауырлататын мән-жай ретінде бағалады.
Сот үкімімен ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, қайғылы оқиға биыл 2 ақпанда Талдықорған қаласында болған. Үш жасар Ақжарқынды әкесі өлімші етіп соққыға жыққан еді. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.
