Астанада патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған мопед жүргізушісін тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тәртіп сақшылары жолақ ауыстыру кезінде бұрылыс шамын қоспаған мопед жүргізушісін тоқтатып, құжаттарын тексерген. Тексеру барысында көлік тізгінінде оны басқаруға құқығы жоқ 17 жастағы жасөспірім отырғаны анықталды.
Кәмелетке толмаған азаматтың заңды өкілдерінің қатысуымен оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Ал мопед арнайы айыптұраққа қойылды.
Полиция департаменті көлік құралын басқару құқығы жоқ адамдардың жолға шығуы өздерінің ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін еске салды.
Сондай-ақ ата-аналарға балалардың бос уақытын бақылауды күшейтіп, олардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеу қажеттігі ескертілді.
