Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Абай облысында ғасырлық тарихы бар вокзалдар қайта жаңғыртылды
132
оқылды

Абай облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында алғашқы екі нысан – Ауыл және Белағаш станцияларының вокзалдары пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

Жаңартылған вокзалдардың ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген вице-министр елімізде 2025 жылы басталған теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы Тәуелсіздік жылдарындағы осы саладағы ең ауқымды жобалардың бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында республика бойынша 124 вокзал жаңғыртылып жатыр. Негізгі мақсат – көлік инфрақұрылымын жаңарту, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және сапарға қолайлы жағдай жасау.

Қайта жаңарту жұмыстары барысында вокзал ғимараттарының шатыры ауыстырылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар сумен жабдықтау, кәріз, желдету, жылыту және электр жүйелері жаңартылды. Жолаушылар платформалары жөнделіп, вокзал маңындағы аумақ абаттандырылды.

Ауыл станциясының вокзалы 1929 жылы салынған. Жаңартудан кейін оның жалпы аумағы 273 шаршы метрді құрады. Ал 1914 жылы бой көтерген Белағаш вокзалының жаңартылған ғимаратының аумағы 265 шаршы метр.

Теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасып жатыр. Жоспар бойынша 1 шілдеге дейін тағы 28 нысандағы реконструкция аяқталмақ. Бағдарламаны толық іске асыру жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.