Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Эдирне қаласында реставрациядан өткен Селимие мешітінің ашылу рәсіміне қатысты.
Ердоған жұма намазын Селимие мешітінде оқып, кейін жиналған тұрғындар алдында сөз сөйледі.
«Біз көптен күткен күнге жеттік. Осы мешіттің реставрациясының аяқталғанына куә болғанымыз үшін Аллаға шексіз шүкір айтамыз», – деді Түркия президенті.
Селимие мешітіндегі реставрация жұмыстары 2021 жылдың қарашасында басталған. Жұмыс Түркия Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Қорлар бас басқармасының жетекшілігімен, ғылыми кеңестің бақылауымен жүргізілді.
Реставрация кезінде мешіттің төрт мұнарасы жаңартылып, тас бөліктері тазартылды. Бас күмбез бен аула күмбездері нығайтылып, қорғасынмен қаптау жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ негізгі кіреберіс қақпалары мен аула қақпалары бастапқы қалпына келтірілді.



