Қазақстандық журналист Азамат Әбілқайыр Қазақстан азаматтығын алған қандасқа қатысты әлеуметтік желіде айтылған сыни пікірлер мен келеке еткендерге өткір жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Талқылауға тарихи Отанына оралған азамат туралы жаңалықтың астына жазылған «штрафстанға» қатысты айтылған пікірлер себеп болған.
Журналист өзінің TikTok парақшасында жарияланған бейнежазбасында атамекеніне оралған азаматты мұндай сөздермен қарсы алу орынсыз екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай көзқарас қоғамның бір бөлігіндегі әлеуметтік жауапкершіліктің төмендігін көрсетеді.
Азамат Әбілқайыр айыппұл жүйесін жиі сынайтын азаматтардың көбі нақты қандай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескере бермейтінін айтты. Оның айтуынша, әкімшілік жаза ешқашан негізсіз қолданылмайды.
«Айыппұлдар жайдан-жай салынбайды. Олар нақты құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда түкіру, қоқыс тастау, жол қозғалысы ережелерін бұзу, жылдамдықты асыру, камера жоқ жерде тәртіпті елемеу сияқты әрекеттер үшін қолданылады. Егер адам заңды сақтап, тәртіпке бағынса, оған айыппұл келмейді», – деді журналист.
Азамат Әбілқайыр өз ұстанымы қандай да бір мүддеден емес, қоғамдағы тәртіпті қолдаудан туындайтынын жеткізді.
Оның пікірінше, жол қозғалысы ережелерін бұзу, көшеге қоқыс тастау немесе қоғамдық орындарды ластау азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан айыппұлды жазалау құралы емес, қоғамдық мәдениетті қалыптастыру тетігі ретінде қабылдау қажет.
Мысал ретінде журналист өзінің тәжірибесін де келтірді.
«Көлікті бір жарым жыл бұрын сатып алдым. Осы уақыт ішінде бірде-бір айыппұл алған жоқпын», – деді ол.
Сондай-ақ, Азамат Әбілқайыр дамыған мемлекеттердегі жоғары өмір сүру деңгейі ең алдымен қатаң тәртіп пен заң талаптарының мүлтіксіз орындалуына негізделгенін атап өтті.
Журналист он жыл бұрын мұндай айыппұлдар болмағанын айтып, өткенді аңсайтын азаматтарға да пікір білдірді. Оның сөзінше, мұндай көзқарастың астарында көбіне өз әрекеті үшін жауапкершілік алғысы келмеу жатыр. Ал заңға бағынатын азаматтарға алаңдауға еш негіз жоқ Айта кетейік, бейнежазба астындағы пікірлердің басым бөлігінде қолданушылар журналистің ұстанымын қолдап, елдегі тәртіп пен заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын атап өткен.
