Қаржы министрінің 2026 жылғы 10 маусымдағы бұйрығымен мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (қолжетімділік алу) қызметінің бағалары бекітілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Қызметті "Электрондық қаржы орталығы" АҚ ұсынады.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қызметінің құны өтінімнің шекті сомасына қарай белгіленеді:
1 миллион теңгеге дейін – 3 170 теңге;
10 миллион теңгеге дейін – 31 695 теңге;
100 миллион теңгеге дейін – 63 391 теңге;
1 миллиард теңгеге дейін – 190 172 теңге;
1 миллиард теңгеден жоғары – 386 683 теңге.
Құжатқа сәйкес, қызмет құны жеткізуші қатысатын лоттардың жоспарланған сомасынан немесе жасалатын шарттың жоспарланған құнынан есептелетін өтінімнің ең жоғары сомасына қарай анықталады.
Шектеу әрбір өтінім мен шартқа жеке қолданылады. Алайда төлем жасалған кезең ішінде берілетін өтінімдер мен жасалатын шарттардың санына шектеу қойылмайды.
Қызмет ақысы жылына бір рет, төлем жасалған күннен бастап есептелетін 12 айлық мерзімге төленеді.
Көрсетілген бағалар қосылған құн салығын (ҚҚС) қоспағанда белгіленген.
