Құтқару және іздестіру шаралары толық аяқталды.
Қостанай облысында суға кеткен атасы мен немересінің денесі табылды
фото: www.istockphoto.com
177
оқылды

Қостанай облысындағы Тобыл өзенінде жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Демалыс кезінде суға кеткен атасы мен алты жасар немересінің мәйіттері табылды,– деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қайғылы оқиға 14 маусым күні  Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылының маңындағы Тобыл өзені жағалауында болған. Бір отбасы демалуға табиғат  аясына шыққан. Өзен жағасында ойнап жүрген 6 жасар бала сүрініп, суға құлап кеткен. Мұны көрген атасы немересін құтқаруға суға секірген. Алайда екеуін де өзен ағысы алып кеткен.

16 маусым күні Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы жүргізген іздестіру жұмыстары барысында баланың денесі оқиға болған жерден шамамен 1,5 шақырым төменгі ағыстан табылды. Кейін 1967 жылы туған ер адамның мәйіті де өзеннің ағысымен шамамен 5 шақырым төмен жерден табылған.

Іздестіру жұмыстарына облыстық ТЖД күштері, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ «10 өңір», «Барс», «Дос» іздестіру топтарының еріктілері мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.

 Еске салайық, бұған дейін немересін құтқармақ болған ер адамның суға кеткені жайында  жазған болатынбыз.