Зерттеу барысында 18 жыл бойы 1,5 миллионға жуық адамның денсаулық көрсеткіші бақылауға алынған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, күн сайын бір банка тәтті газдалған сусын ішетін адамдарда бауыр обырының даму қаупі шамамен 50 пайызға жоғары болған. Ал бауыр ішіндегі өт жолдарының қатерлі ісігі саналатын сирек кездесетін әрі қауіпті холангиокарциномаға шалдығу қаупі екі есеге жуық артқаны анықталған.
Мамандар мұндай қауіптің негізгі себептерінің бірі ретінде сусын құрамындағы қанттың көп мөлшерін атайды. Сондықтан бұл тұжырым тек колаға ғана емес, құрамында қант мөлшері жоғары барлық тәтті сусынға қатысты болуы мүмкін.
Дегенмен ғалымдар зерттеу нәтижелері газдалған сусындар обырды тікелей тудырады дегенді білдірмейтінін, тек олардың арасында статистикалық байланыс анықталғанын атап өтеді. Сарапшылар денсаулықты сақтау үшін қант мөлшері жоғары сусындарды шектеп, дұрыс тамақтану қағидаларын ұстануға кеңес береді.
