Қазақстандық танымал волейболшы Сабина Алтынбекова бокстан әлемге әйгілі жерлесіміз Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс даңқы залына қабылдануына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында салтанатты рәсімнен түсірілген кадрларды жариялап, Головкиннің спорттағы ғана емес, өмірдегі ұстанымдарына да жоғары баға берді.
«Геннадий Геннадьевич – ер азаматтарға үлгі бола алатын тұлға. Отбасына, еліне және өз ісіне адал жан. Біз оны мақтан тұтамыз әрі тәнтіміз», – деп жазды С. Алтынбекова Instagram желісіндегі сторисінде.
Айта кетейік, АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында Халықаралық бокс даңқы залына қабылдау рәсімі өтті. Осылайша, Геннадий Головкин Қазақстан тарихында аталған беделді ұйымның мүшесі атанған алғашқы спортшы болды.
Енді қазақстандық боксшының есімі әлемдік бокс аңыздары Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді саңлақтармен бір қатарда аталады.
