Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
"Ұзақ уақыт бойы қинап келген": Павлодарда ер адам өз баласын азаптап өлтірген
фото: www.istockphoto.com
167
оқылды

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған баланы азаптау және өлтіру айыбы тағылған К.-ға қатысты қылмыстық істі қарап, оны айыпты деп тауып, өмір бойына соттады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың қыркүйегінде болған. Сот материалдарына сәйкес, ер адам ұзақ уақыт бойы өз баласына жүйелі түрде дене жарақаттарын салып келген. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде масаң күйде баланы аса қатыгездікпен өлтірген.

"Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және қылмыстық істің өзге материалдарымен толық дәлелденді", – деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Мемлекеттік айыптаушысы сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші тарап бес миллион теңге көлемінде моральдік шығын өндіру туралы талап қойған.

Сот үкімімен К. қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленушінің бес миллион теңге көлеміндегі азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.