Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында жаңадан берілген ипотекалық несиелер көлемі 12,3 пайызға өсіп, 438 миллиард теңгеге жеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өсімнің негізгі драйвері – мемлекеттік бағдарламалар. Атап айтқанда, «Отбасы банкі» берген ипотекалық несиелер көлемін 54,3 пайызға арттырып, 347,5 млрд теңгеге жеткізген.
Ал нарықтық ипотека сегментінде керісінше төмендеу байқалады. Коммерциялық банктер беретін ипотекалық несиелер көлемі 53,6 пайызға қысқарған. Соның салдарынан жеңілдетілген ипотеканың жаңа несиелердегі үлесі 73,9 пайыздан 85,1 пайызға дейін өскен. Ал коммерциялық ипотеканың үлесі небәрі 14,9 пайызды құраған.
Сондай-ақ ипотека алуға берілген өтінімдер саны 20,7 пайызға азайып, соңғы екі жылдағы ең төменгі деңгей – 192 мың өтінімге дейін түскен. Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері де 4,5 пайызға қысқарған.
Бірінші тоқсанда ипотеканың орташа мөлшерлемесі 10 пайыз болған. Бұл көрсеткіш базалық мөлшерлемеден (18%) және жылдық инфляция деңгейінен (11%) төмен.
Сарапшылардың пікірінше, ипотека нарығы әзірге мемлекеттік бағдарламалардың есебінен ғана өсіп отыр. Ал жоғары базалық мөлшерлеме мен қатаң несие талаптары коммерциялық ипотеканың қалпына келуіне кедергі келтіруде.
