Жыл сайын Ұлттық музейге 600 мыңнан астам адам барады.
Еліміздегі Ұлттық музей жаңа мәртебеге ие болды
Солтан Жексенбеков
138
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне "ұлттық" мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы 2026 жылы 17 маусымда Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz 

Министрліктің мәліметінше, музейде ғылыми қызметкерлер, реставраторлар, экскурсия жүргізушілері мен қор сақтаушыларды қоса алғанда, 400-ден астам маман жұмыс істейді.

 – Жаңа мәртебе Ұлттық музейдің Орталық Азиядағы ең ірі музей әрі еліміздің жетекші мәдени-ағартушылық орталықтарының бірі екенін айғақтай түседі. Бүгінде музей қорында 200 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Мұнда 20 көрме залы, реставрация шеберханалары, зертханалар, қор сақтау орындары, ғылыми кітапхана, сондай-ақ көрме және білім беру жобаларын жүзеге асыруға арналған кеңістік бар.

Ұлттық музей көрме, ғылыми және ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді. Жыл сайын музей қабырғасында 100-ден астам халықаралық көрме мен жоба ұйымдастырылып, іс-шаралар Қазақстанның шетелдік музейлер мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталады,  –  деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.